ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗДІҢ ЖЕҢІСІ

14:25, 30 қаңтар 2018

Жоғары хоккей лигасы аясында қарағандылық «Сарыарқа» «Металлург» командасымен кездесіп жеңіске жетті

Новокузнецкіде қонақта болған қарағандылық хоккейшілерді алаң иелері бірінші сәттен бастап қарымта шабуылдармен қыспаққа алды. Тіпті, ойынның алғашқы  бесінші минутында ресейліктер есеп ашты. «Металлург» шайбашыларының ойыншылары қарқынды шабуылдарын үдете түскенімен, қарағандылықтар араға үш минут салып есепті теңестіріп үлгерді. Мұз айдындағы қарбалас екінші айналымда қыза түсті. Алаңға бой үйреткен хоккейшілеріміз үшінші шайбаны қақпаға тоғытты. Бұл жолы Артур Лаутаның діттеген соққысы нысанаға дөп тиіп,  қарағандылықтарды алға шығарды. Ал, үшінші айналымда сарыарқалық Артур Лаутаның жұлдызы жанды десек артық айтқандық емес. Ол, ойынның соңғы жеті минутында екі рет қақпа саңылауын тауып, үштік шайбаның иесі атанды.

Дмитрий КРАМАРЕНКО  "Сарыарқа" ХК-ның бас жаттықтырушысы

Өте әдемі, мықты ойын болды. Хоккейшілеріміздің төккен тері ақталды дегім келеді. Ойын қарбалас сәтке толы болды. Жеңісті қолдан бермеуге бар күшті сарп етуге тура келді. Команда мықты. Нәтижесінде жоспар тыңғылықты жүзеге асты. 

Осылайша, ойын қорытындысы 7-4 пен аяқталып, жеңіс жерлестеріміздің пайдасына шешілді. Сырт алаңдағы сайысын жеңіспен аяқтаған сарыарқалықтар,  31 қаңтар күні «Ермак» шайбашыларына қарсылық танытпақ.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар