ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҒЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

17:07, 14 шілде 2021

Шахандағы қазандық пен жылу желілері құрылысы кестеге сай жүруде. Жаңа жылыту маусымына дейін толық дайын болып, жұрт игілігіне берілмекші. Мұндағы жұмыс барысын облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов бағамдап, тексеріп қайтты

Осыған дейін кент тұрғындарының күн суытса бейнеті көбейетін.  Пеш жағу, отын тасу, күл шығару жұмыстары әбден титықтататын. Биылғы жылыту маусымында жергілікті жұрт бұл әуре-сарсаңнан құтылады. Жаңа қазандық пен жылу желілері іске қосылады.  Қазір қазандық ішінде жабдықтар толығымен орнатылған.

Әмір ДӘУЛЕТӘЛИЕВ,  "Механомонтаж-2004" ЖШС бас директоры:

-  Қазіргі уақытта қазандықтағы қондырғыларды  монтаждау  жұмыстарының барлығы аяқталды. Шахан кентіне дейінгі  жылу құбырын  орнату жұмысы да орындалды. Тек 4 шақырымдық  аумаққа жылу құбырын төсеу жұмысы қалды. Мемлекеттік сараптаманың  қортындысын алдық.  Қазір қажетті материалдар мен қондырғыларды сатып алу үшін   жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр.  Келісімшарт бойынша аталған жобаны жоспарға сай  ағымдағы жылы аяқтаймыз деп отырмыз.    Жергілікті тұрғындардың  жаңа жылыту маусымында  жылуға қол жеткізетініне сенімдімін. 

"Механомонтаж-2004" ЖШС мердігерлік ұйымы барлық темірбетон және  құрылымдарды монтаждау жұмыстарын аяқтаған. Инженерлік коммуникациялар да жүргізіліпті.  Жылу қазандықтарында гидравикалық сынау жұмыстары да сәтті аяқталған.  Кәсіпорынның бас директоры Әмір Дәулетәлиевтің айтуынша, автоматика жүйесіне тапсырыс беріліпті, ол тамыз айында келеді деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта әрлеу жұмыстары  мен аумақты абаттандыру қарқынды жалғасуда.

Жанболат  ТӨРЕБАЕВ, Шахтинск қаласы құрылыс бөлімі басшысының маманы:

-  Кенттің ішінде 2 жоба жасалып жатыр бүгінгі таңда. Ол дегеніміз  кенттің ішіндегі 4 камера бар.   Осы қазандықтан барып қосылатын. Қыркүйек айына дейін, яғни жылыту маусымы басталғанға дейін, 2 нысанды да бітіріп жылуға қосу.

Қаржыландыру бағытында ешқандай кедергі орын алған жоқ.  Қазандық жаңа жылыту маусымына қарай іске қосылады деп жоспарланған.   Мұндағы технология бойынша түрлі сорттағы көмірді пайдалануға болады.   Аймақ басшысының орынбасары кентті де аралап өтті.  Ондағы құбырлар мен жылу тораптарының қалай салынып жатқандығына куә болды. Кварталішілік желілердің құрылысы бойынша мердігер - «ҚарағандыҚұрылысКонструкциясы» ЖШС директоры  Нұржан Әлімқұловтың айуынша, бүгінде жұмыстың 60 % орындалған. Барлық қажетті материалдар бар.  Монтаждау жұмыстарын жеделдету  үшін мердігер жұмысшылар мен арнайы техника санын көбейтіпті.

Тамыз айының басында жылу  трассасын ішінара сығымдау  жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.  Осылайша жылыту маусымына дайындық шараларын жүзеге асырмақ.  Орталық жылу жүйесіне  алдымен әлеуметтік   нысандар  қосылады.  Одан кейін  көп қабатты  тұрғын үйлер жылумен қамтылады.

Азамат СЕРІКХАН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар