ЖЕТПІС ЖАСТАН АСҚАН 297 АДАМ ЕКПЕ САЛДЫРТТЫ

12:48, 16 сәуір 2021

Екпе алу қауіпті індеттің алдын алып, ауырмаудың айқын жолы. Бұл қарағандылық зейнеткерлердің пікірі. Осылайша жетпістен асқан ақсақалдар екпе қалыпты өмірге қайта оралудың ең тиімді тәсілі деп отыр. Вакцина қабылдағаннан кейін оларда жанама әсер байқалмаған. Емханаға барып, ерікті түрде екпені алып жүрген жандармен әріптесім Жанбота Рахметуллаұлы тілдесті

Қарағанды қаласының 69 жастағы тұрғыны Алмас Рысқұлов осыдан бір апта бұрын «Спутник V» вакцинасын салдыртыпты. Вакцина қабылдағаннан кейін зейнеткер ешқандай жанама әсер болмағанын айтады. Сондықтан ол әлемді алаңдатқан індетпен күрес жолында оған мейлінше жауапкершілікпен қарағанды жөн санайды. Өйткені екпе алу ауырмаудың анық амалы деп түйеді ардақты ақсақал.

Алмас РЫСҚҰЛОВ, зейнеткер, ардагер кенші:

-“Сақтанғанды Құдай да сақтайды” дейді. Көп ойламай екпе алу керек. Маңайымдағы құрдастарыма айтарым сол. Ауырмаудың бірден бір жолы. Өзімізді де сақтаймыз, маңайымызды да сақтаймыз. Сол жүгіріп жүрмін. Денсаулығым жақсы.

Қазір Алмас Сағынұлының дене температурасы тұрақты, денсаулығы қалыпты. Арқаның аптал азаматы "Шахтер даңқы" белгісінің толық кавалері. Жеті қат жердің астында қайламен көмір қазып, қара алтынды мыңдаған тонналап шығарған еңбек адамы. Енді ардагер кенші сәтін салса, сәуір айының жиырма тоғызы күні екпенің екінші компонентін алмақ ниетте.

Алмас РЫСҚҰЛОВ, зейнеткер, ардагер кенші:

-Дәрігерлерге көп алғыс айтамын. Жақсы ұйымдастырған. Вакцина орталығының қызметкерлері мейірімді. Жақсы қарсы алып, бәрін түсіндірді.

Ал Қарағанды қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қабдығали Оспанов та өз замандастарынан қалыспай, вакцина қабылдауды ұйғарыпты. Екпемен егілгеннен соң 70 жастағы қоғам қайраткері тек жарты сағат қана дәрігердің бақылауында болған. Ол әзірге қандай да бір қарсы көрсетілім байқалған жоқ, - дейді. 

Қабдығали ОСПАНОВ, Қарағанды қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

- Қауіпті вирустан вакцина алсақ қана қорғана аламыз. Ұлым екеуміз екпе алдық. Оның жасы 40-та.  Менен ешбір жайсыздық сезілмеді. Ал ұлымның ептеп температурасы көтерілді. Дәрігерлердің пайымдауынша бұл қалыпты жағдай.

 Сондықтан вакцина салдыру арқылы өзімнің ғана емес, отбасым мен әріптестерімнің де саулығын сақтауға үлесімді қосамын деп білемін.

Сонымен қатар Бұқар жырау ауданына қарасты Ботақара кентінің 86 жастағы тұрғыны Қанағат Жұмашев те ерікті түрде емханаға ең алғашқылардың бірі болып барып, екпе алды. Зейіні зерделі зейнеткер аудандық әкімдік жанындағы кеңесте көп жылдар бойы есепші қызметін абыроймен атқарған. Қазыналы қария коронавирус кеулеген кезеңде жақындарымызға жанашыр болып, халықтың саулығы аса маңызды екенін айтады.

Қанағат ЖҰМАШЕВ, Ботақара кентінің тұрғыны:

Бүгінде аймағымызда вакцина науқаны қарышты қадаммен қарқын алды. Бір ғана мысал Қарағанды облысында жетпіс жастан асқан 297 адам екпе салдыртқан. Ал өңірде бұл бағыттағы жұмыстар  белсенді түрде оң жолға қойылғанын алға тартып отыр денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Айталық  диспансерлік ауруханалардың тізімінде тұрған 900-ден астам азамат екпе алды. Вакциналау жұмыстары ойдағыдай жүзеге асырылуда. Барлық екпе қабылдау орталықтары таңертеңгі сегізден кешкі сағат сегізге дейін халық үшін тынымсыз қызмет атқарады. Яғни ондағы мамандар демалыссыз жұмыс істейді.

Айта кетейік дәл қазіргі уақытта Қарағанды облысы бойынша 30 мың 810 адам ерікті түрде екпе қабылдаған.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ, тілші:

-Санитарлық талаптарға селқос қараудың салдары аймағымыздағы індеттің дендеуіне негізгі себеп болып жатқанын айтады, сала мамандары. Әйтсе де қазіргі вакцинаға қатысты қоғамдағы пікір екіұшты. Дегенмен екпе емдеумен қатар коронавируспен күресіп, қалыпты өмірге қайта оралудың ең тиімді тәсілі, - дейді ақ желең иелері. Сондықтан желіде желігіп, жұлыны жіпсіз байланғандардың қауесеті мен қысыр әңгімесіне ермей, екпеге үрке қарап, үрей туғызудың қажеті жоқ деп отыр білікті дәрігерлер.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар