ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР САНЫ АРТУДА

15:59, 7 маусым 2021

Биылғы жылдың мектеп түлегі жезқазғандық Жәния Бердіханова бие сауып, саумал саудасын қыздыруда. Жастайынан жылқы малына жақын өскен бойжеткен - табиғи өнім саумал орталығын ашқан

Жылқы малының жай-күйін жақсы түсінетін Жәния Бердіханова Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір ауылының тұрғыны. Ол 13 жасынан бастап бие сауа бастаған. Жас кәсіпкердің өз көздегені бар. Екі сағат сайын бие сауып, саумал саудасын қыздырып, пайда табу мен ата кәсіпті дамыту.

Жәния БЕРДІХАНОВА,   жас кәсіпкер:

-Кеңгір селосында ғана емес, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында да сауда нүктелеріміз бар. Тіпті, тұтынушыларымыз өзге де қалалардан табылып жатады. Пандемия кезінде қымызға, саумалға сұраныс артты. Осы кезеңде неліктен ата кәсіпті дамытпасқа деп ойладым. Міне, нәтижесі осы.

Биыл мектеп қабырғасын тәмамдап отырған түлек адам ағзасына тез сіңіп, түрлі асқазан, ісік ауруларына пайдасы мол саумал орталығын ашқан. Ол үшін Жезқазған қаласы әкімінің 1 миллион теңге грантын жеңіп алған. Бүгінде саумалға сұраныс көп, тұрғындар ұзын сонар кезекке тұрады екен.

Ал Сұлушаш Еркенова үшін Жезқазған қаласы әкімі гранты - клининг орталығын ашуға мүмкіндік берді. Бүгінде жолдасымен бірге тұрмыстық жабдықтар, көлік салондарын жуудың шебері. Бұл қызмет түрі мысты өңірде жоқтың қасы, - дейді екі баланың анасы. Адал еңбекпен табысқа жетуді көздеген жас отбасының ендігі мақсаты – жеке орталық ашып, кәсіп көзін ұлғайта түсу.

Сұлушаш ЕРКЕНОВА,   жас кәсіпкер:

-Жаз басталғалы бері өте көп заказ. Диван, палас жуамыз. Жақында көлік ішін жуатын аппарат алдық. Тазартып, химчистка жасайды. Терезе жуатын аппарат та бар. Ол биік үйлерге арналған.

Өткен жылы Жезқазған қаласы бойынша 7 жобаға қала әкімінің гранты берілген. Оның ішінде саумал, клининг орталықтары ғана емес, тоқыма-тігін, кондитерлік, жылыжай жобалары да бар. Ол үшін шамамен 5,5 миллион теңге берілген.

Ізтөлеу ТҮСІПОВ,  жастар ресурстық орталығының маманы:

-Әкім гранты жобаларының саны жыл сайын артуда. Жезқазған қаласына Кеңгір, Малшыбай, Талап секілді үш ауыл қарайды ғой. Осы ауыл жастарынан ауылшаруашылық жобалары көптеп түсуде. Жобалардың көбі қайталанбайтын бірегей жобалар.

Жезқазған қаласында әкім гранты 2018 жылдан бері жас кәсіпкерлерге қолдау ретінде беріліп келеді. Биылғы жылы үздік деп танылған жобаларға жалпы құны 10 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат табысталмақ.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

 

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар