ЖАС АҚЫННЫҢ ЖИНАҒЫ

13:25, 12 қараша 2019

Қарағандыда 23 жасар ақын Жоламан Әйткеннің жыр жинағы жарық көрді. Қара өлеңге жаңа қадам басқан талант иесіне аймақтың әдебиет жанашырлары қолдау көрсеткен

23 жасар талантты ақын Жоламан Әйткеннің бұл екінші кітабы. Ол  өз өлеңдеріне адалдық, отанға деген сүйіспеншілік пен махаббат тақырыптарын арқау қылған. Алғашқы төл туындысында мектеп қабырғасында жүрегін жарып шыққан шумақтары жинақталса, екінші кітабы оның студенттік кезінен сыр шертеді. Бүгінде орамдыойлары көрініс тапқан жинақтың 500 данасы жарық көрді. Автор кітап атауына да ерекше ден қойған.

Жоламан ӘЙТКЕН, Ж.Тәшенов атындағы байқау жеңімпазы:

-Біз көп ойланып, көп толғанып, Маңғыстауға Светқали Нұржанов деген ағамызға хабарластық. Ол кісі өз батасын беріп, "Ғасыр ауған" деп қойды. Бұлай қою себебі, сендер 20 ғасырдың аяғында туып, 21 ғасырға аяқ басқан ақынсыңдар ғой, ғасырды аяқтап, жаңа ғасырға ауып бара жатқан кезде туғандықтан, осылай қойдым дейді.

Жинақ оқырмандарға оңайлықпен жол тапқан жоқ. Ол  2018 жылыЖ. Тәшенов атындағы байқауына қатысып, "Жыл ақыны"  бас жүлдесін жеңіп алады. Жыр сайысының ережесі бойынша барлық қатысушылардың арасынан бір үміткердің кітабын шығаруға қолдау көрсетілу міндеттелген.   Нәтижесінде көпшіліктің таңдауы Жоламан ақынға түскен. 

Айтбай ЖҰМАҒҰЛОВ,  облыстық «Арқа» ақындар мектебінің жетекшісі:

-Облыстан 8 ақынды іріктеп алдық. Соның ішінен өздерің кімді лайық деп танисыңдар, кімнің жинағы жарық көруге лайық екеніне дауыс беріңіздер дегенде, 5 дауыспен оқ бойы озық шықты. Достары да, қатары да оны лайық деп танығаннан кейін, біз оны "Жылдың үздік ақыны" деген Ж.Тәшенов атындағы сыйлық беріп, кітабын шығарып бердік. Бұл өзіміздің азаматтық позициямыз. Жастарды қолдау. Елім дейтін, жерім дейтін жастарды қанаттандыру, оларды үлкен аламанға қосу.

Осы  тың бастама бұған дейін  9 ақынның жыр - жинағын шығаруға мұрындық болған. Талабы мен таланты үндес дарындарды қолдау - азаматтық парызымыз,- дейді ұйымдастырушылар. Айта кету керек, сайысқа ешқандай мемлекет тарапынан қаржы бөлінбеген. Барлық шығындарды демеушілер көтеріпті.

Азаматтықты жырына арқау еткен ақын жоспары әлі ұшан - теңіз. Жинақ тұсаукесері - жас талантқа шабыт сыйлап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты..

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар