ЗАМАНАУИ ДӘРІХАНА - КӨПШІЛІК КӘДЕСІНЕ

17:13, 2 сәуір 2021

Жаңаарқа ауданына қарасты Түгіскен ауылдық округінен дәріхана ашылды. Енді жергілікті жұрт дәрі-дәрмек алу үшін 150 шақырым жердегі аудан орталығына барып еш әуре болмайды. Ем-домына қажет препаратты еңселі елді мекеннен сатып алады. Көкейіндегі мәселесі күн тәртібінен түсіп, көңілдері шаттанған халықпен әріптесім Жанбота Рахметуллаұлы тілдесті

Кәсіпкер Нұрбол Өміралин идеясын туған жері Түгіскен ауылынан тасын өрге домалатуды ұйғарды. Бизнеске нық қадам басып, белді бекем буды. Бірақ, ол мемлекетке алақан жаймады. Қайта алға талпынып, іргеден толымды табыс табуды ойлады. Іскер азамат 13 миллион теңге жеке қаражатына стандартқа сай бизнес нысанын салып, көпшіліктің кәдесіне жарайтын дәріхана ашты.

Нұрбол ӨМІРАЛИН, жеке кәсіпкер:

-Біріншіден, ауыл тұрғындарының саны көп. Оның үстіне жан-жаққа бармасын деп ойладым. Ауыл тұрғындарына бір дәріхана қажет болды. Сонымен қатар емханаға  баратын адамдар саны да баршылық. Олардың сұранысынан осындай ой туындады.

Ал Түгіскен ауылдық округінің тұрғыны Сафира Қожабекова бұған дейін бір түйір дәрі алу үшін Жаңаарқаға сабылып, сарсаңға түсетін еді. Енді аққұла бейнеттен ол түбегейлі арылды. Ал кейуананың немересі Ержүрек бүгінде әжесінің дәрі-дәрмегін әкеп беретін қолғанатына айналды. Зейнеткер шалғай жерге бармай-ақ ем-домына қажетті препаратты ауылынан табатынын айтып, ағынан жарылды.

 Сафира ҚОЖАБЕКОВА, зейнеткер:

-Алыстан жан-жақтан іздейтінбіз. Жәйрем, Жаңаарқаға  баратынбыз. Қазір дәріханамызда дәрі-дәрмектің түр-түрі қаптап тұрады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қарсы осыны ашқан балаларыма, ауыл азаматтарына рахмет.

Заманауи дәріханадан Түгіскен ауылдық округіне қарасты елді мекендер мен Ералиев ауылдық округі және Қызылжар кентінің тұрғындары дәрі сатып алатын болады. 

Препараттар мен дәрумендердің сан алуан түрін дер уақытында діттеген жеріне қос  фармацевтикалық компания жеткізеді.

 

Жұмаділдә ӘБҮЙІРОВ, Түгіскен ауылдық округінің тұрғыны:

-Қандай дәрі келсе, осы дәріханаға барып аламыз. Ауруханадан жаздырып алған дәрімізді осы жерден табамыз. Ауыл тұрғындарына жақсы жағдай жасалып жатыр.  Азаматтар шынымен қуанып жатыр.

Әзірге кәсіпкер бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Келешекте бизнесмен дәріхананың аумағын ұлғайтып, кәсібінің көкжиегін кеңейтуге кәдімгідей құлшынып отыр.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ,  тілші:

-Жасыратыны жоқ, бұрын Түгіскен ауылының тұрғындары дәрі алу үшін  150 шақырым жерде жатқан аудан орталығына барып, әуре болатын еді. Енді ондай қиындық көрген түстей артта қалды. Бір ерекшелігі мұнда 1500-нан астам дәрінің түрі бар. Әрі бағасы да тиімді,- дейді тұрғындар.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІ - ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНЫҢ НАЗАРЫНДА
16:04, 15 сәуір 2021
ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІ - ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНЫҢ НАЗАРЫНДА
Толығырақ...
ЖЕТПІС ЖАСТАН  АСҚАН  297 АДАМ ЕКПЕ САЛДЫРТТЫ
12:48, 16 сәуір 2021
ЖЕТПІС ЖАСТАН АСҚАН 297 АДАМ ЕКПЕ САЛДЫРТТЫ
Толығырақ...