«ҮЗДІК ТӘЛІМГЕР-2021»

16:46, 4 мамыр 2021

Облыстық «Үздік тәлімгер-2021» байқауының жеңімпаздары анықталды. Онлайн сайыстың ақтық сынында сайдың тасындай іріктелген 6 үміткер бақ сынасты. Бәсі жоғары бәсекеде таңдаулы да талапты тәлімгер жаңа қырынан танылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Жасампаздыққа толы жылдар» тұжырымдамасы  шеңберінде бастау алған байқауға облыс мектептерінен 36 аға тәлімгер қатысты. Байқаудың негізгі мақсаты - елжанды ұрпақты тәрбиелейтін мәртебелі мамандық иелерінің шығармашылығын шыңдап, ізденіс деңгейін арттыру.  

ӘЙГЕРІМ СЕЙТЖАНОВА, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

-  Тал бойына тәлім тұнған тәлімгер озық ойлы, мәдениетті, ақылды, рухани бай тәуелсіз елдің ұланын тәрбиелеуі қажет деген ойдамын.  Сіздер балалардың жетекшісі, тәрбиешісі қызықты істердің ұйымдастырушысы ғана емессіздер. Олардың  ересек достарысыздар. Олардың белсенділігін, қызығушылығын оята алуларыңыз қажет. 

Ақтық сынға Балқаш, Саран қалалары мен Абай, Бұқар жырау, Осакаров, Қарқаралы аудандарынан 6 тәлімгер шықты. «Сәлем сөздің анасы» кезеңінде өздерін таныстырды. Ал «Педагогикалық жағдаятта» күрделі сұрақтарға тосылмай жауап беріп, өз қарым-қабілеттерін байқатты. Ақырғы айналымда тәлімгерлік бағытындағы жеткен жетістіктері мен баламен тіл табысудың жолдары жайында сөз өрбітті.

Тәжірибе мен білімі таразыға салынған байқауда І орынды Қарқаралы ауданының №16 мектеп тәлімгері Бибігүл Қанафина қанжығасына байлады. Ал екінші орын Балқаш қаласының намысын қорғаған Аяжан Есенбаеваға бұйырды. Үшінші орын Осакаров ауданының   №29 мектебінің тәлімгері Рауа Дурэмбайға бұйырды. Жүлделі орындардан бөлек, атаулы номинациялар да болды. 

Азамат СЕРІКХАН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар