ДҮБІРЛІ ДОДАҒА ДАЙЫНДЫҚ

16:38, 11 маусым 2021

Теміртау қаласының спортшылары алдағы болатын Қазақстан чемпионатына қызу дайындық үстінде. Ол 4-і мен 10-шы шілде аралығында құрышты қалада өтпек. Осы додаға спорттың пауэрлифтинг түрінен 4 үміткер қатысып, өз бақтарын сынамақ

18 жастағы Борис Букатко халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол 13 жасынан бастап спортты жанына серік еткен. Талай сайыстарда топ жарған жеңімпаз. Қазір ол пауэрлифтинг бойынша өз шеберлігін шыңдауда. 2018 жылы Моңғолияда 2019 жылы Алматы қаласында өткен тартысты додаларда топ жарып, Азия чемпионы атанған.

Борис БУКАТКО, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Жаттығулар аптасына 4 рет өтеді. Екі сағаттан дайындаламыз. Бұл іріктеу туры. Дайындығымыз жоғары. Мені осы спортқа әкем әкелді. Ол пауэрлифтингтен әлемдік дәрежедегі спорт шебері. Осы спорт түрімен 13 жастан бастап айналысудамын. Қазір жасым 18-де. Пауэрлифтинг спорты маған қатты ұнайды.

Құрышты қалада «Еуразия», «Болат», «Олимпия» атты спорттық тренажерлік залдар жұмыс істейді. Осындай жаттығу орталығының бірі   №19 жалпы білім беретін орта мектепте де бар. Мұнда пауэрлифтингпен айналысамын деген жасөспірімдерді 14 жастан бастап қабылдайды. Қазір Теміртау қаласының өзінде бұл спорт түрімен 70 адам шынығады.

Ирина ДЕЙНЕКА, Қарағанды облыстық пауэрлифтинг спорт федерациясының президенті:

- Қазір алдағы болатын Қазақстан чемпионатына дайындық үстіндеміз. Оған Теміртау қаласы бойынша 4 үміткер қатыспақ. Қазір бұл спорт додасына деген дайындық қыза түскен. Жаттығулар өткізудеміз. Қонақтарды қарсы алуға деген әзірлігіміз жоғары.

Теміртаулық спортшы Анастасия Поиграй 2018 жылы Қазақстан спорт шебері атағын алған. Үндістанда және Дубайда өткен жарыстарда топ жарған. Қазір ол алдағы болатын Қазақстан чемпионатына қатысу үшін дайындықтарды қызу бастап кеткен.

Анастасия ПОИГРАЙ, жаттықтырушы:

-Алғашқы рет 2015 жылы пауэрлифтинг спортымен шұғылдануды бастадым. Өзімді осыған бейімдедім. Жаттықтырушым мені дайындады. Маған өте ұнады. Алматыда өткен жарысқа қатысып, жүлделі орын алдым. 

Теміртаулық спортшылар 4-і мен 10-шы шілде аралығында құрышты қалада өтетін Қазақстан чемпионатына қатысу үшін шеберліктерін шыңдап, дайындықтарын пысықтауда. Ал облыс бойынша пауэрлифтинг спорт түрінен 10 жаттықтырушы бар. Олар 350 шәкіртті тәрбиелеп, болашақ ел чемпиондарын дайындамақ ниетте.

Сейітқали ӘШІМ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар