ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰРПАҒЫ

16:04, 7 шілде 2021

Биыл Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл. Жас мемлекетіміз осынау уақытта талай белестерді бағындырып, әртүрлі салаларда алға басты. Егемендіктің басты жетістігі - еліміздің ертеңі, жастарымыз. «Азаттықтың құрдастары» айдарының бүгінгі кейіпкері «Саран» шахтасының еңбеккері Эльмира Казиева

Эльмира Казиева жоғары оқу орнын тәмамдаған бойда, «Абай» шахтасында 1 жыл жұмыс істеген. Содан кейін «Саран» шахтасына маркшейдер лауызымы бойынша ауысып келеді. Содан бері 4 жылға жуық уақыт өткен. Ол осы аралықта өзінің жұмысқа деген жауапкершілігі мен тиянақтылығының арқасында кездескен түрлі қиындықты оңай еңсергенін айтады. Заты әйел болса да ерлермен теңдесіп, ауыр жұмысқа тауы шағылмайды. Керісінше менің әлі үйренерім көп, - дейді жас маман.

Эльмира КАЗИЕВА, «Саран» шахтасының маркшейдері:

-Алғашқы жылдары қиын болды. Бірақ, менің жетекшім өте білікті маман. Сол кісінің арқасында мен көп нәрсе үйрендім. Біздің жұмыс ауыр шынымен. Кейде тосын жағдайлар орын алуы мүмкін. Ондай тығырықтан шығу үшін логикалық ойлау жүйрік болуы керек.

Эльмираның жұмыс күні кеңседегі мына карталарды қарап, сызумен басталады. Одан кейін аптасына 3-4 рет 700 метр тереңдікте жер астына түсіп, забойлардың жұмыс істеу бағыт-бағдарын бақылайды. Яғни кен орнындағы дәлдік пен тепе-теңдікті өлшейді. Осындай елеулі еңбегі еленіп, 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ, Қарағанды университетінің магистратурасын «физика-математика» бағыты бойынша бітіріп шықты.

Эльмира КАЗИЕВА, «Саран» шахтасының маркшейдері:

-Бұл алған марапаттарым әрине мақтаныш. Президенттің марапатын алу маған мотивация береді. Мен болашақта дәл осы салада өзімді бір ой-өрісі жетілген, жан-жақты білетін, терең білімді маман ретінде көремін. Ал, бастық болайын, басқарайын деген әзірге мақсатым жоқ. Тек осы саланы терең меңгергім келеді.

Эльмира Казиева білікті маман ғана емес, аяулы ана, бір үйдің шамшырағы. Қазір бір қыз баланың анасы. Бос уақыттың барлығын отбасына, жақындарына арнағанды ұнатады.

Эльмира КАЗИЕВА, «Саран» шахтасының маркшейдері:

-Мен тұрмыс құрдым. Кішкентай қызым бар. Жолдасым жұмыс істегеніме қарсы емес. Декреттік демалысымның уақытынан бұрын жұмысқа шығып кеттім. Өйткені әріптестерімді, жұмыс орнымды сағындым.

Жас маманның жұмысқа деген ынтасын әріптестері де жақсы бағалайды. Оның қазақи тәрбиесі мен салт-дәстүрге деген құрметіне тәнті екен.

Алсура САБИРЗЯНОВА, әріптесі:

-Эльмира  декреттік демалыстан енді шықты. Жұмыста өте тиянақты. Бір нәрсені үйреуге талпынып тұрады. Ол бос отыруды білмейді. Бастық тапсырма берсе, оны орындамай жаны жай таппайды. Біздің жұмыстың қиындығын халық жақсы біледі. Мен білгеніммен бөлісіп, үйретіп отырамын. Эльмира тек жұмыста емес, үйде пысық келін, аяулы ана дер едім. Оның қолынан шыққан тағамдары тіл үйіреді. Әрбір жұма сайын шелпек пісіріп әкеледі. Біз осындай жастардың өсіп келе жатқанын мақтанышпен айтамыз.

Эльмира Казиева ізденісін тоқтатпай, білімін тереңдетуді басты мақсат қояды. Ол Тәуелсіз елдің ұрпағы білімді, жан-жақты, сауатты болу керек екенін айтады.

Жанұр СҮНДЕТУЛЛАҚЫЗЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

ОБЛЫСТЫҚ БЮДЖЕТКЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ
16:49, 22 қазан 2021
ОБЛЫСТЫҚ БЮДЖЕТКЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ
Толығырақ...
МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҒЫ
16:33, 22 қазан 2021
МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҒЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ҚАРАҒАНДЫДА ТЕАТРЛАР ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ
18:03, 18 қазан 2021
ҚАРАҒАНДЫДА ТЕАТРЛАР ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ
Толығырақ...