ТЕННИСТЕН ТАРТЫСТЫ ТУРНИР

15:32, 30 сәуір 2021

Қарағандыда 12 жасқа дейінгі балалар арасында теннистен республикалық турнир өтуде. Бәсекелі жарысқа 12 қаланың спортшылары қатысты

Турнирге еліміздің  Нұр-Сұлтан, Атырау, Алматы және  Ақтөбе, Шымкент, Қостанай, Көкшетау, Қарағанды мен Тараз, Екібастұз қалаларынан өрендер қатысты. Сонымен қатар Қырғызстанның Бішкек қаласынан келген балғындар да бақ сынасты. Бәсі жоғары жарыс  спортшылар үшін үлкен дәреже, - дейді бас төреші Жасұлан Сартаев. 

Жасұлан САРТАЕВ, «Мasters 12 &Under» турнирінің бас төрешісі:

- Турнирде негізінен 64 қатысушы өнер көрсетеді. Олардың арасында  32 қыз бен  32 ұл. Турнир олимпиадалық жүйе бойынша өткізіледі. Әрі қатысушыға күн сайын бір ойын ойнауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жұптық разряд олимпиадалық жүйе бойынша бір жеңіліске дейін өткізіледі. Осылайша біздің спортшылар турнирден тәжірибе жинайды. Келешекте бұл ойын сапасына жақсы әсер етеді.

Бүгінде жұптық разрядтың қорытындысы шығарылды. Ал қыздар арасында бірінші орынға Сабина Серікқали мен Адия Омарбек қол жеткізді. Олар Нұр-Сұлтан қаласының намысын абыроймен қорғады. Қос спортшы үлкен тенниспен  6 жыл бойы үзбей айналысып келеді. Әсіресе өрімдей өрен теннис корты өте ұнағанын айтады.

Сабина СЕРІКҚАЛИ, жеңімпаз /Нұр – Сұлтан қаласы/:

- Мен ол кезде 6 жаста едім. Әкем теннис матчын көріп, қызының теннисші болғанын қалады. Сондықтан мені ол  үлкен тенниске алып келді.  Кәсіби түрде жаттығу жасағанның арқасында менен нәтиже шықты.

Адия ОМАРБЕК, жеңімпаз  /Нұр – Сұлтан қаласы/:

- Ең басында менде тек теннис спорты туралы ғана қызығушылық туындады.  Сосын тенниске байланысты тың деректерді әкемнен жақсылап естіп білдім. Сөйтіп әкем мені осы спортқа тартты. Теннистегі менің жолым осылай бастау алды.

Турнир жас спортшылардың шеберлігін шыңдау мақсатында жалауын желбіретті. Бастысы дүбірлі дода жасөспірімдерге республикалық сайыстарға қатысуға жол ашады. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлер естелік сыйлықтар және  медальдармен марапатталады.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар