ТЕЛЕЖУРНАЛИСТИКА ТАРЛАНЫ ӨМІРДЕН ОЗДЫ

16:19, 17 ақпан 2021

Бүгін Қазақ телевизиясының қабырғасы қайысып, қайғыдан қара жамылды. Қазақ журналистикасының қара нары, телевизия тарланы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер академиясының кұрметті профессоры, Ақсу ауданының «Құрметті Азаматы» 70 жасқа қараған шағында өмірден озды

Табиғатынан талантты, қаламының ұшына тектілік ұя салған Нұртілеу Иманғалиұлы шынайы шығармашылық ізденістің телевизияда ұлттық ойлау тұрғысында өзіндік мектебін қалыптастырған бірегей тұлға. Телетарлан адал сөйлеп, шындықтың бетіне тіке қарады. Ардың сөзін сөйлеген Нұртілеу Иманғалиұлы 1952 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданына қарасты Діңгек ауылында дүниеге келген. Белгілі журналистің «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», «Жас жігер», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» атты авторлық бағдарламалары дара ойдың иесіне тән құбылысқа айналды. Патша көңіл көрерменнің көңіл төрінен ғана емес, жүрек түкпірінен орын алды.

Абыз ағаның қолтаңбасы мен жүрегінің жылуына оралған сан хабарлардың мазмұнында тағлымды жанның философиялық толғаныстары қалды. Нұртілеу Иманғалиұлы қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман сынды лауазымдарды лайықты атқарған. Төлөнер тарланы 2006-2007 жылдар аралығында «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік Қоғамының Басқарма Төрағасы, одан кейінгі жылдары  кеңесшісі қызметтерін абыройымен, биігінен аласармай еңсерді. Телетұлғаның әсіресе арқа жеріне деген ықыласы ерекше еді. Болмысы бөлек, аңыз адам, абыз ағаның уақыты тығыз, қызмет бабы қарбалас болса да облыстық «SARYARQA» телеарнасының 50-60 жылдық мерейтойы мен дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы арнайы ат басын тірегені қара орман халықтың әлі есінде.

Нұртілеу Иманғалиұлы телеарнаны тағдырым деп танып табандап тер төкті. Ұлттың ұлы елдің көкейіндегі түйткілдерді толғап, тұрақты аудиториясын қалыптастырды. Телетұлға Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері және  ҚР Еңбегі сіңген қайраткері атағымен марапатталған. Бірақ, бақилық болса да  қазақ елінің парасатты перзентінің жарқын бейнесі көптің көңілінде мәңгі өмір сүре беретіні ақиқат. «SARYARQA» телеарнасының ұжымы да марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып, қамығып көңіл айтады.

 Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

 

 


 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

БАЛАЛАРДЫҢ АҒЗАСЫНДА ҚОРҒАСЫННЫҢ БАР-ЖОҒЫ ТЕКСЕРІЛЕДІ
15:35, 24 ақпан 2021
БАЛАЛАРДЫҢ АҒЗАСЫНДА ҚОРҒАСЫННЫҢ БАР-ЖОҒЫ ТЕКСЕРІЛЕДІ
Толығырақ...