ТАБЫСҚА ЖЕТУГЕ МҮМКІНДІК МОЛ

16:10, 20 сәуір 2021

Жас кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау зор. Нәтижесінде, Приозерск қаласында шағын және орта бизнес субьектілері саны жыл санап артып келеді. Соңғы жылдың өзінде шаһардағы 20 жас кәсіпкерге шамамен 12 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген

Приозерскілік Абай Лұқпанов үшін 2020 жыл – бизнес саласына бет бұруға табысты жыл болды. Өзінің еңбектеніп жиған 1,2 миллион теңгесі кәсібін ашуға түпкілікті жетпей жүргенде, қалалық әкімдікке бизнес жоба ұсынуды жөн көрген. Заманауи технологияларды жетік меңгеруге бейім Абай Лұқпновқа қала әкімдігінің 500 мың теңге гранты табысталған.

Абай ЛҰҚПАНОВ,    жеке кәсіпкер:

-1 адамды жұмыспен қамту орталығынан жұмысқа қабылдадым. Лазерлік аппаратқа грант арқылы қол жеткіздім. Барлық тапсырысты жедел орындауға мүмкіндігі бар. Мұндай кәсіп қаламызда ешқашан болған емес. Тойларға, естелік сыйлықтар беруге, нысандардың атауын жасатуға көптеген тапсырыстар түсіп жатады. Бұл да болса мемлекеттің қолдауы.
Ағаштан ойылып жасалған бұйымдар лазерлік аппарат арқылы дайындалады. Аз ғана уақыт ішінде өз туындыларын тұрақты тұтынатын жандар да тауып үлгерген. Дүкендердің атауы мен жарнамасы, ұшақтар мен оюлы өрнектелген бұйымдар көпшіліктің қызығушылығын тудыруда.  Шеберханасында ағаштан жасалған автомат қаруын оқушылар әскери дайындық пәнінде қолдануда.

Мемлекеттің қолдауын ұтымды іске асыра білгендердің бірі  29 жастағы Кенжебек Бабажанов пластик терезе жасап шығару мен орнатудың маманы. Өткен жылы Қарағанды облысы әкімінің 1 миллион теңге грантына қол жеткізіп, кәсібінен нәсіп тапты. Айына 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін тапсырыс түседі, - дейді шебер.

Кенжебек БАБАЖАНОВ,  жеке кәсіпкер:

-Осындай қолдауға ие болғаныма қуаныштымын. Жұмысым өзіме ұнайды. Тапсырыс алып бірден іске кірісеміз. Барлық жабдықтар жеткілікті. Бір терезені жасап қана қоймай, оны орнатуға көп болса 4-5 күн кетеді. Барынша тез жасаймыз. Сапалы әрі қысқы мерзімге төзімді. Тұрғындардан әлі шағым түскен жоқ.

Пластик терезеден бөлек, ол үй жиһаздарын жасау, қоршау есіктерін орнату ісін де меңгеріп алған. Бүгінде жас кәсіпкер екі адамды еңбекпен қамтыған. Алдағы арманы, екі қабатты нысан тұрғызып, шеберхана цехын кеңейту.

Ұлан АЛМАС,   Приозерск қаласы жастар ресурстық орталығының басшысы:

-2020 жылы қала әкімі грантының 4 миллион 300 мың теңгесі табысталды. Кәсіп көздері ашылды. Биылғы жылға 6,5 миллион теңге қарастырылған. 5 кәсіпкер облыс әкімінің 1 миллион теңгеден грантын алды. Жастар саясаты басқармасының басты мақсаты жастарға қолдау көрсету болып табылады. Осы бағытта жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекет қолдауын сезініп, жаңа белес бағындыруға бет бұрған жас кәсіпкерлердің ендігі мақсаты – қаланың көркеюі мен экономикасының өсуіне үлес қосу. Алдағы уақытта, Приозерск қаласында 2 млн теңгеге балалар ойын орталығы, 1 миллион теңгеге кофехауз және «Арлан» жекпе-жек залы іске қосылады. 

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар