ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

СПОРТТЫҚ ЖЕТІСТІК - ЕЛ МЕРЕЙІ

15:31, 9 қыркүйек 2021

Балқаш қаласында ММA және жекпе-жек спортына қызығушылық танытқан ынталы жастардың саны еселеп артып келеді. Осы спорт түрін сенімді серігі санаған оғыландар республикалық, облыстық бәсекелерде топ жарып жүр

Балқаш қаласында ММA және жекпе-жек спорт түрлерінің соңғы жылдары көкжиегі кеңейіп келеді, - дейді Еркебұлан Алтынбеков. Білікті бапкердің сөзіне нақты нәтиже мен жарқын жетістіктері дәлел. Биыл ММА  мен жекпе-жектен екі оғылан спорт шебері атанған. Ал бір спортшы облыстық чемпионатта қарсыласын қапыда қалдырып, жеңіске жетіпті.

Еркебұлан АЛТЫНБЕКОВ, «Топ тим» командасының бапкері:

-Биыл 2021 жыл АЛЛА ТАҒАЛАҒА шүкір бізге сәтті болды. Менің залымда жаттығатын балалар жетістіктерге жетті. Атап айтар болсақ, ММА-дан Теміржанов Ержан  финалға шықты. Екінші орын алды. Сол жарыста спорт шебері атанды.  Бір шәкіртім Исин Бекзат жекпе-жектен Қостанай қаласында  спорт шебері атанды.  Бекнұр ММА-дан облыс чемпионы атанды. 

Ал Жәнібек Сәбит те шапшаң қимылдайтын шымыр азамат. Ол 2016 жылы ММА-дан қарулы күштер арасында өткен ел чемпионатының жеңімпазы. Шиыршық атқан жігіттің ендігі арманы - әлем аренада қазақтың намысын қолдан бермей, абыройын асқақтату.

Жәнібек СӘБИТ, спортшы:

-«Топ тим» командасында жаттығу жасап жүргеніме екі айдай уақыт болды. Өзім әскери сала қызметкерімін. Қорғаныс күштері арасында өткен қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионымын.

Бекнұр Әмірғалының да жетістігі жетіп артылады. Оның ММА спорт түрімен шұғылданғанына 9 айдың жүзі болыпты. Тарамыс денелі өрен облыстық чемпионатта теңдессіз тактикаларымен қарсыласына дес бермегенін айтады.

Бекнұр ӘМІРҒАЛЫ,  ММА спорт түрінен облыс чемпионы:

-Үш кездесу өткіздім. Бірінші қарсыласымды ауырту әдісімен жеңдім. Екінші спортшыны решениемен ұттым. Үшінші қарсыласты да ауырту әдісімен қапыда қалдырдым. Маған бірінші мен үшінші кездесу оңайырақ болды. Ал екінші кездесу Қарағанды облысының спортшысымен қиынға соқты.

Бүгінде жаттығу залында 40-тан астам спортшы Еркебұлан Алтынбековтей тәжірибелі бапкерден шеберліктерін шыңдауда. Олардың арасында балалар мен ересектер де бар. Мұнда оғыландар ММА және жекпе-жек, джиу-джитсумен айналыса алады.

Еркебұлан АЛТЫНБЕКОВ, «Топ тим» командасының бапкері:

-Ерқасымов Елдар ұлттық құрама сапына кірді. Әлем  чемпионатына Болгарияның София қаласына бара жатыр. Мен өзім джиу-джитсудан Қазақстан чемпионатында жеңіске жеттім. Сәтін салып, АЛЛА ТАҒАЛА қаласа Абу –Даби қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысамын.

Демек соққылары сойылдай, әдістері әккі сайыпқырандардың жеңіске жету жолында табандап тер төгіп жүрген бапкердің шәкірттерінен үкілеген үміті көп. Ендеше спортшыларымызға әрдайым сәттілік серік болғай.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

ТАЛАПТЫ ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ
11:44, 2 желтоқсан 2021
ТАЛАПТЫ ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ XXIV СЕССИЯСЫ
17:46, 26 қараша 2021
ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ XXIV СЕССИЯСЫ
Толығырақ...
ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ДЕПУТАТТАР НАЗАРЫНДА
15:50, 25 қараша 2021
ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ДЕПУТАТТАР НАЗАРЫНДА
Толығырақ...