СПОРТШЫЛАР ЖЕҢІСІ – ЕЛ МЕРЕЙІ

17:02, 4 мамыр 2021

Қарағандылық спортшылар Сабыржан Аққалықов пен Жасмин Кизатовалар Польша елінде бокстан өткен әлем чемпионатында жеңіспен оралды. Көк туымызды желбіретіп келген жеңімпаздарды облыс әкімі Жеңіс Қасымбек арнайы қабылдап, жүлдегерлерді құттықтады

Польшаның Келце қаласында өткен бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында 66 елден 500-ге жуық мықты жас боксшылар қатысты. Еліміздің намысын қорғауға аттанған Сабыржан Аққалықов пен Жасмин Кизатовалар алтын және қола медаль жеңіп алды. Ел мерейін үстем еткен жерлестерімізді аймақ басшысы қабылдады. Ізгі  тілегін жолдап спортшыларды қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізді. 

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:

– Жастардың өңірімізді осындай жоғары деңгейде танытып отырғаны бізді қуантады. Қарағанды әсіресе боксты жақсы көреді. Біз сіздердің жеңістеріңізді мақтан тұтамыз. Сіздерге және сіздердің жаттықтырушыларыңызға үлкен рахмет: олар сіздерге көп еңбек сіңірді.

Спортшыларды лайықты марапаттарымен құттықтаған облыс әкімі  тәлімгерлерінің үздік жұмысы үшін де алғысын білдірді. 70-ке жуық елдің спортшылары арасында былғары қолғап шеберлерінің кіл мықтыларын жеңген жеңімпаздардың ендігі арманы Олимпиада ойындарында топ жару.

Сабыржан АҚҚАЛЫҚОВ,    әлем чемпионатының жүлдегері:

- Мен алғаш рет әлем чемпионатына қатыстым. Онда бес жекпе-жек өткіздім. Ең қиыны – жекпе-жекке психологиялық тұрғыдан бейімделу және оны күту болды. Бірақ жаттықтырушының кеңестері мен жақындарымның қолдауының арқасында мен осының бәрін жеңіп, жақсы нәтижеге қол жеткізе алдым. Болашақта Олимпиада ойындарына қатысқым келеді.

Жасмин ҚИЗАТОВА,   әлем чемпионатының жүлдегері:

 – Чемпионат жоғары деңгейде өтті. Мен үшін бұл әлемдік деңгейдегі алғашқы жарыс. Осындай чемпионаттарға әр ел үздік спортшыларды жібергендіктен, қиындықтар да болды. Қазақстанның әйелдер құрамасына кіру үшін көп жаттығып, жұмыс істейтін боламын. Әрине, Олимпиада ойындарында өнер көрсеткім келеді.

Қарағанды өңірінде спортты дамыту үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Мысалы, әкім қабылдауында болған  Сабыржан Аққалықов тұратын Шахтинск қаласында осы жылы заманауи ДСК құрылысы аяқталады. Бокс, күрес және басқа да спорт түрлеріне арналған бөлек залдар болады.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар