ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

САПАСЫЗ ЖӨНДЕУ

14:28, 4 маусым 2021

Майқұдық ықшам ауданында үйлерді қалыпқа келтіруге өткен жылы 657 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражатқа үйлердің шатыры жаңартылып, қасбеттері жөнделген. Алайда, қыруар қаражатты тендерде жеңіп алған мердігер компанияның салғырттығы салдарынан бір тұрғынның үйін су алып, қабырғалары көгеріп кеткен

Магнитогорскі көшесі 35 үй өткен жылдың күзінде жөндеуден өтіп, шатыры толықтай жаңартылған. Алайда, тұрғын Мәулен Шалғымбаев болса бұл жұмыстарға бөлінген мемлекет қазынасын желге ұшқанға балайды. Көктем келе сала төбеден аққан су салдарынан пәтерінің өңі ғана қашпай,  қабырғалары көгерген. 

Мәулен ШАЛҒЫМБАЕВ,  тұрғын:

-Жағдай тез шешілмесе сотқа береміз бе, білмейміз. Шелектеп ақты су.

Тұрғындар мердігер компанияға сан мәрте хабарласып, жағдайды реттеуді өтінген. Алайда, мемлекет қаражатына жөндеу жүрізген тараптан мүлдем хабар болмаған. Жергілікті әкімдік өкілдері мен Қарағанды қалалық мәслихат депутаттары мәселені шешу мақсатында аталмыш көпқабатты үйге арнайы келіп, жағдаймен танысты.

Төлеген ӘШІМОВ, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты:

-Назарда ұстаймыз. Кім кінәлі болса да сұрақ шешіледі. Тұрғындар шатыр қарын тазалауда ломмен үйдің төбесін тесіп алған деседі. Анықтайды.

Мемлекеттің миллиондаған қаражатын игеріп, жөндеу жүргізген мердігер компания өкілі барлық олқылық ПИК-нің болмауы дейді.  «Қараусыз үйлер» деп кесіп айтқан жоба жетекшісі төбесінен су ағып, пәтері бүлінген баспана мәселесін бір тәулікте толықтай шешеміз деп отыр.  

Әсет КЕНЖЕБАЙ,  мердігер компания өкілі:

-Бұл үйдің мәселесін шешеміз. Бұл жерде техникалық қадағалау жұмыстары өтуі тиіс. Нақты анықтаған соң барып іске кірісуіміз керек. Алайда, біз өз тарапымыздан жауапкершіліктен қашпай, толықтай қалыпқа келтіреміз.
  
Майқұдық ықшам ауданында дәл осындай 22 көпқабатты үй шатыры ауысып, қасбеті жаңартылған. Ол үшін 657 миллион теңге бөлінген. Атқарылған жұмыстардың қаншалықты сапалы екендігі халық қалаулыларының назарында.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар