ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТЕАТРЛАР ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

15:43, 12 қазан 2021

Қарағандыда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған көрнекті театр сыншысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын...» атты бірінші республикалық театрлар фестивалі басталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 15 өнер ордасы С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында спектакльдерін сахналап,сынға түседі. Алты күн ішінде Арқа жұрты қандай қойылымдарды тамашалайды

Көрнекті театр сыншысы, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын...» атты республикалық театрлар фестивалі арқа жерінде тұңғыш рет шымылдығын түрді. Өйткені өнегелі тұлға ұлттық мәдениетіміз бен театр өнерлерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Бәсі биік фестивальдің баспасөз мәслихатына Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов және өнертану ғылымдарының кандидаты Амангелді Мұқан және Әшірбек ағамыздың жұбайы Күләш Сығай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Жұмабеков қатысты.

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, Қазақстанның Халық әртісі:

- Репертуарлық аясы әртүрлі. Орыс классикасынан бастап, Чехов та бар, өзіміздің Ғабит Мүсірепов ағамыз да бар. Сосын жас жаңа драматургиялар бар. Бірақ тағы мұның ерекшелігі, осы спектакльдердің барлығы да жақында ғана қойылған премьералар. 

Режиссерлер мен әртістердің бағы сыналып, кәсіби шеберлігі шыңдалатын фестивальге еліміздің әр өңірінен 15 театр қатысуда. Көрермендер күніге үш қойылымнан тамашалайды. Ал театр сыншылары мен өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы жүзден жүйрік шыққан шығармашылық ұжымдарды бірнеше номинация бойынша марапаттамақ. Таңдалған тақырып, сахналық киім үлгісі, декорация, актерлар шеберлігі, барлығы таразыға тартылады.

Амангелді МҰҚАН, халықаралық театр сыншылары бірлестігінің  мүшесі, қазылар алқасының төрағасы:

-Біздің театрларымыз қай бағытта жылжу керек, қандай мәселелерді, тақырыптарды көтеріп жатыр, қандай кейіпкер сахнаға шықты, театрдың эстетикасы қандай болып бара жатыр, бұның барлығы сынаптай сырғыған уақытта тоқтаусыз жүріп жатыр. Қазақ тетары да соған сай болуы керек.  

Баспасөз мәслихатынан соң өнертанушылар мен мәдениет қайраткерлері С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының музейін аралап тарихымен танысты. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» атты көрмені де  жиналған қауым тамсана тамашалады. Ал, салтанатты сәтте сөз алған облыс әкімінің орынбасары театр ұжымдарына жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Абзал Нүкенов ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың жолдаған құттықтауын жеткізді.

Абзал НҮКЕНОВ, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

-«Өнер – өмір айнасы» дейді. Өнердің дамуы еліміздің, ұлтымыздың, руханиятымздың іргесі деп айтса да болады. Бүгінгі қатысып отырған  барша театр ұжымына сәттілік тілеймін. Апта бойы Қарағанды қаласында  қоятын пьесалар біздер үшін үлкен тағылым болады.

Фестиваль шымылдығы Ласло Дюрконың «Электра» трагедиясымен ашылды. Қоюшы режиссер Жұлдызбек Жұманбай қоғамдағы құбылысты, адамдардың бір-біріне деген қатыгездігін айтуға тырысқан. Спектакльдің философиялық толғанысы жоғары, пәлсапалық тұжырымы терең, - дейді театр сыншылары. Айтуларынша, алты күнге ұласатын өнер бәйгесінің репертуары өте бай, түрлі тақырыптарды қамтиды.

Бүгін қазылар алқасы мен көрермендер назарына Маңғыстау облысы театры «Найзағай» драмасын, ал алматылық өнер ордасы Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» және «Жастар» театрының  «Таптым. Ғашық Болдым. Жоғалттым» қойылымдары ұсынылады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, Әшірбек Сығай атындағы театрлар фестивалі енді әр екі жыл сайын өткізіліп тұрмақ. Ал кейін халықаралық деңгейге шығару жоспарда.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСЫ БОЛУ - ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ
15:27, 26 қазан 2021
ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСЫ БОЛУ - ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН - БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ МЕКЕНІ
16:50, 21 қазан 2021
ҚАЗАҚСТАН - БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ МЕКЕНІ
Толығырақ...