«РАМАЗАННЫҢ СЫЙЛЫҒЫ» АКЦИЯСЫ

16:54, 29 сәуір 2021

«Рамазанның сыйлығы». Осындай атаумен қалалық «Қазыбек би» мешітінің ұжымы қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Ізгілікті бастама барысында облыс орталығының көпбалалы, жалғызбасты және қиын жағдайға тап болған 50 отбасына азық-түлік жеткізілді. Жанға жылылық сыйлаған жақсылық шарасына әріптесім куә болып қайтты

Бұл күні қалалық «Қазыбек би» мешіті маңында жұмыс қызу. Жергілікті кәсіпкерлер демеушілік етіп, облыс орталығының көмекке мұқтаж отбасыларына азық-түлік жеткізілмек. Әр жанұяға шамамен отыз мың теңгені құрайтын бір айлық азық-түлік себеті әзірленді. Онда негізгі пайдаланатын тағам түрлері, балаларға арналған тәттілер мен жеміс-жидектер салынған. Ал аталмыш қайырымдылық қораптарын үйді-үйге жеткізу барысын қала тұрғындары өз мойындарына алды. Осылайша олар ерікті түрде ізгі іске үлес қоспақ ниетте.

Ысқақ ӘБДІРАХМАН, Қарағанды қалалық «Қазыбек би» мешітінің бас имамы:

-Осы шара бізге мешітке келуші жамағаттың қолдауымен атқарылып жатқан іс шара. Одан кейін де жалғасын табады деген ниеттеміз. Жағдайы төмен отбасылардың тізімін орталық мешіт жасақтайды. Қалалық мешіттер соған сай азық-түлік таратады. Бүгін Қазыбек би және Октябрь ауданының тұрғындарына көмек көрсетіледі.

Қайырымды жандар тобы азық-түлікті әуелі Үштөбе ауылының тұрғындарына жеткізді. Көмекті көппен бірге  Ерасылдың отбасы да алды. Тоғыз жасар бала сөйлеу қабілетінен айырылған ата-анасына көмектесіп, соңынан ерген бес бауырына арқа сүйеу көрінеді.  Тілі күрмелген анасының алғысын өрімдей бала жеткізді. Оның үстіне бүгін Ерасылдың туған күні көрінеді.

Ерасыл БАТАНОВ, Үштөбе ауылының тұрғыны:

-9 жастамын. Бүгін туған күнім. Мешіт қызметкерлеріне рақмет!

Ал мына аядай бір бөлмені 3 баласы бар жанұя паналап отыр. Қиын жағдайға тап болған отбасыға аталмыш жерді әкімдік берген. Атқарушы орган үй іргетасын құюмен ғана шектеліпті. Жұмыстың қалған бөлігін жер иелеріне тапсырған. Қаражат тапшылығынан баспана құрылысы бүгінде тоқтап тұр. Мешіт ұжымы отбасыға азық-түлік жиынтығын тарту етіп, азды-көпті көмегін көрсетті.                                                                   

Гүлжан ЖОЛДАСБЕК, Үштөбе ауылдық округінің тұрғыны:

-Мал өсірдік, ауылға жібердік. Содан кейін малдарымыз осылай өспей қалды. Үй салайық деп едік. Әзірге осындай жағдайда тұрып жатырмыз. Мешітке рақмет. Әрдайым көмектесіп тұрады.

Ізгілік айындағы ілкімді істер бұл ғана емес. мешіт қызметкерлері күн сайын студенттерге ауызашар жеткізіп, 30 күн бойы ыстық тамақпен қамтуда.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар