ПОЛИЦЕЙЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

17:38, 11 қараша 2019

Ерлік еленді. Суицид жасамақ болған қызды құтқарып қалған Қарағандылық қос полицей Ішкі істер министрлігінде марапатталды. Сондай – ақ, офицерлерді Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров қабылдап, оларға батылдығына сай құрмет көрсетті

Бұл қос тәртіп сақшысына ҚР  Ішкі істер министрі бейбіт заманның батырлары -деп баға берді.  Ерлан Тұрғымбаев ерліктерін елеп, полиция офицерлері Ерасыл Мұрат пен Бекзат Омашевты марапаттады. Таразының бір басында өз өмірлері, ал екінші жағында өзін өлімге қимақшы болған қызды құтқару міндеті тұрды. Сын сағатында олар ойланбастан  Отан алдындағы борышы мен қызметтік парызды мінсіз орындайды.

Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР Ішкі істер министрі:

-Шатыр тайғақ болған. Видеодан қалай қар жауып жатқанын да аңғаруға болады. Соған қарамастан осындай тәуекелге барған. Олардың осы батыл, кәсіби әрекеттерінің арқасында, жас келіншектің өмірі сақталып қалды.

Инспекторлар министр қолынан марапат алып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін төс белгі тағынды. Бүгінде олар өз әрекеттерін асыра сілтеуден аулақ. Бұл әр антына адал  полиция қызметкерінің  жасайтын ісі – дейді олар.

Ерасыл МҰРАТ, лейтенант:

-Ант қабылдағаннан кейін, халқымызға адал еңбек етудеміз. Кешегі жағдай бойынша айтарым, біз ерлік үшін, осындай марапат алу үшін жасаған жоқпыз. Әр азамат осындай жағдайда біз сияқты әрекет етеді деп ойлаймыз.

Ерлігі елге әйгі болған қос батырды Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров те қабылдады. Шаһар басшысы батылдықты ісімен дәлелдеген шеңділерді құрметтеу, насихаттау қажет екенін баса айтты. Сондықтан, қоғамдық тәртіп сақшыларының жанқияр әрекеттері көлеңкеде қалмағаны маңызды – дейді әкім.

Нұрлан ӘУБӘКІРОВ, Қарағанды қаласының әкімі:

-Менің ойымша, біздің тәртіп сақшылар өскелен ұрпаққа үлгі бола білді. Полиция атына сай қызмет көрсетіп, жүктелген міндетті мүлтіксіз орындап жатырсыздар. Біз сіздерді мақтан тұтамыз және ел тыныштығын осындай батыл да батыр азаматтар сақтап жүргеніне сенімдіміз.

Алқалы жиын барысында болған оқиғаны құқық қорғау органдарына жеткізген Наталья Айнабековаға да алғыс айтылды.  Оған оқиғаға бей – жай қарамай, белсенділік танытқаны үшін естелік сыйлығы табысталды. 

Естеріңізге сала кетейік, елді елең еткізген жәт 8 қараша күні орын алған. Оқиға барысы полиция мамандарының жетонындағы бейнебақылауға түсіп қалыпты. 24 жасар келіншек көп қабатты тұрғын үйдің 9-шы қабатынан  құлап,жан тапсырмақшы болады. Абырой болғанда бұл әрекеті көршілердің назарына ілігіп, жедел басқару орталығына хабар түседі. Артынша шақыртуға тез арада жеткен инспекторлар бірі қыздың көңілін аулап, екіншісі дереу әрекетке көшеді. Құтқару оперциясы сәтті жүзеге асқан. Қала тұрғынының суицитке бекінгеніне  отбасындағы кикілжің себеп болған. Қазір психологтар көмек көрсетуде.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

-Жас та болса, қайсырлығымен көзге түскен полицейлер бір – ақ күннің ішінде елге танымал болды. Ерлердің ерлігін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Себебі бүгінгі заман батырларының ерлігі - ертеңгі тарих.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар