ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

ӨНДІРІСТІ ӨРКЕНДЕТКЕН ӨРІСТІ ЖАС

15:45, 16 шілде 2021

Еңбек адамы – ел тірегі. Әсіресе, қайнаған өндірісте білімді, білікті, білекті жұмыскерлердің төккен тері Қазақстанның әлеуетін, әлеуметін арттыруда. Осы орайда облыстық «Сарыарқа» телеарнасының «Сарыжайлау» кинотеатрымен бірлескен «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында металлургтер жайлы сюжеттер топтамасын назарларыңызға ұсынамыз. Алғашқы кейіпкеріміз жезқазғандық Нұржан Қойшыбеков

Нұржан Қойшыбековтің жұмысы негізі  8-де басталады. Алайда «Қазақмыс» Корпорациясына қарасты құю-механикалық зауыттың бас металлургіне артылған жүк - ауыр, міндет – зор. Сондықтан таңғы 7-ден өндіріс орнын аралап, түнгі ауысым жұмысын қабылдап алады.

Нұржан ҚОЙШЫБЕКОВ, құю-механикалық зауыттың бас металлург:

-Еңбекқорлық. Өз мамандығыңды сүю. Жауапкершілік. Осындай дәрежеге жеткізеді. Тәуелсіздігімізді дамытуға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Біздің шығарып жатқан өнімдер тікелей сыртқы рынокқа шықпай жатса да, біз соған себепші болып жатырмыз. Біз, мыс қорыту фабрикасы, кен-байыту зауыты өнім беріп жатырмыз. Соның арқасында олар жұмыстарын істеп тұр.

Білімді, білікті, тәжірибелі маман. Мұндай қызметкерлерге сұраныс қашанда жоғары. Кәсіпорында жұмыс істеген 10 жылда Нұржан Рамазанұлы бірде-бір рет сөгіс алмаған. Керісінше асқан жауапкершілігі мен еңбекқорлығы, ақылы, әділдігі үшін әріптестер арасында сыйлы, басшылық тарапынан да бағаланып жатады. Қарапайым шеберден бас металлург дәрежесіне  жетуі  – оның кәсібилігінің айқын көрінісі.  

Асқар ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ, «Кәсіпқорған» кәсіподақ комитетінің төрағасы:

-Қазір осы зауыттағы бүкіл құйылатын темір болсын, ағаш бұйымдарының жасау формалары болсын осының қарамағында. Тікелей жауап беретін осы кісі. Өйткені осы зауыттан шығатын бүкіл зат сапасы тікелей осы Нұржанға көп байланысты.

Алып кәсіпорындағы жұмыс оңай емес. Мұндағы мамандарға жеп отырған «қара наны» таза маңдай термен келеді. Құю-механикалық зауыттың өркендеуіне қосқан үлесі үшін Нұржан Қойшыбеков Үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Десе де 600-ге жуық еңбеккердің жұмысын ұйытып отырған металлург «Ең басты жетістігім -  кешкілік жұмыстан күтіп алатын 6 қызым» дейді. 

Айзада ОРАЗХАНҚЫЗЫ, тілші:

-Олардың мінезі – болаттай берік, төзімділігі – темірдей мықты. Алпауыт күш иелері. Олар – ерекше санаттағы топ. Металлургтер. Тау қопарып, жер қазып, денсаулығы мен өмірін қатерге тігіп, мына сіз бен біздің қамсыз өмірімізді қамтамасыз етуде. Менің бүгінгі кейіпкерім Нұржан Рамазанұлы бір ғана мысал. Оның мыңдаған әріптесі Қазақстанның игілігі үшін тер төгіп жүр. Тас-темірді бағындарған майталмандарға қанша қошетмет көрсетілсе де аздық етеді.

Айзада ОРАЗХАНҚЫЗЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар