МОБИЛЬДІ ӘЖЕ

12:06, 7 сәуір 2021

Жаңаарқа ауданының Жеңіс ауылында қар талғамайтын айыршана техникасымен мал бағатын мобильді әже тұрады. Малшының жоқтығынан емес, қол қусырып отырғысы келмейтіндігінен. Заман талабына бейімделген 63 жастағы әмбебап әже қазір елді сүйсіндіруде. Тыным таппайтын еңбеккермен әріптесім Гүлбақша Ақажанова тілдесіп қайтты

Гүлнәр Қылышева 63 жаста. Төрт түлік бағатын жаңашыл апаның қалтасында ұялы телефоны, тақымында айыршанасы бар. Әже үшін төңіректі барлап келуде бұл – таптырмас көлік. Заманауи техниканы жүргізуді 6 жыл бұрын меңгеріп алған. Себебі, аймаққа қар қалың түсетіндіктен, кейде аттың жүруі де қиындап кетеді дейді. Ал, мұндай көлік қар үстінде сырғып зуылдайды, әрі жанар жағармайды да үнемдейді.

Гүлнәр ҚЫЛЫШЕВА, күміс алқа иегері:

-Үлкен ұлым әкеліп берді, жүргізесің  ба?- деп сұрады. Иә жүргізейін, онда тұрған не бар деп мініп алдым.  Алдында басқасы болған. Мынау соңғысы басқаларға қарағанда жылдам жүреді. Өзіме ыңғайлы.

Кейіпкеріміз осы бір техникасымен тауда тәулік бойы жүріп, малын қарауды әдетке айналдырған. 30 жасында 6 баласымен жесір қалған ана атқа қонып, жайлаудағы бар шаруаны жалғыз өзі ширатқан. Сол уакыттары күніне 45 бие сауып, халықты қымызбен қамтып отырған кездері де болыпты. 

Жақсылық МАҚАЖАНОВ, ұлы:

-Кезінде өз көзіммен көргенім, жерден қойды аттан түспей, көтеріп, өңгеріп әкететін-ді.

Гүлнәр Ләтиқызы отбасындағы 10 қыздың тұңғышы. Сондықтан да болар әкесі қызын қара жұмысқа қаршадайынан баулыған. 13 жасында атқа отырып, сол кездегі совхоздың 700 қойын қоңды қылу үшін жазда жайлап, қыста байлап баққан екен.

Сол қалыптасып қалған әдетпен қария үйдің де, түздің де жұмысын жалғыз өзі тыңдырғанды жақсы көреді. Қазірде ірі қара бағып, баптау оған қиын шаруа емес, керісінше жан рахаты. Тіпті, қақаған қыста бие сауып, қымыз қотару, сиыр сауып, құрт жайып, кептіру оған түк те емес. 

Гүлнәр ҚЫЛЫШЕВА, күміс алқа иегері:

-Балаларым, қыздарым  үйде отыр, демал дейді. Ал мен анау мынауды сылтауратып, қыстаққа қашып кетемін. Келіндер де, қыздар да бар. Бәрін жасау біледі. Бірақ, мен бұл жұмыссыз отыра алмаймын. Отырсам жатып, ауырып қаламын.

Гүлнәр Қылышева күміс алқа иегері. Алты баласынан 19 немере, 1 шөбере сүйіп отыр. Енді перзенттері жиналып аналарына көлік әпермекші екен. «Бұл мен үшін жаңа сынак, мұны да үйренеміз!» деп отыр, мобилді әже.

Гүлбақша БЕРКІН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІ - ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНЫҢ НАЗАРЫНДА
16:04, 15 сәуір 2021
ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІ - ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНЫҢ НАЗАРЫНДА
Толығырақ...
ЖЕТПІС ЖАСТАН  АСҚАН  297 АДАМ ЕКПЕ САЛДЫРТТЫ
12:48, 16 сәуір 2021
ЖЕТПІС ЖАСТАН АСҚАН 297 АДАМ ЕКПЕ САЛДЫРТТЫ
Толығырақ...