ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАПАТЫ

15:56, 22 шілде 2021

Қаражал қаласында кәсіпкерлерге қайтарымсыз грант берілуде. Мемлекеттік қолдау арқасында биыл 40 адам өз ісін ашқан. Нәтижесінде жаңа бизнес орталықтары өз жұмысын бастады

Гүлнәр Исатаева нағыз кәсіби аспаз. Қаражалдықтардың жүрегіне асқазан арқылы жол тауып жүр. Себебі он саусағынан бал тамған аспаздың тағамдарына сұраныс тым көп. Қызметтегі тұрғындар қонақ күткенде оның көмегіне жүгінеді. Бүгіннің өзінде кәсіпкерге 5 үстелдің шәй дастарханын әзірлеуге тапсырыс түскен. 

Шағын цехта жұмыс тоқтамайды. Гүлнәр Исатаева келінімен бірге ас атасы наннан бастап, бауырсақ, шелпек, құстілден бөлек тәттілердің алуан түрін пісіреді. Бұрын соңды ешкім татып көрмеген тағамдарды да қаражалдықтар дастарханына қоюда. Халыққа таңсық асты бар-жоғы 30 минутта әзірлеуді әдетке айналдырған.

Арай РАХЫМЖАНОВА, келіні:

-Жылына 2 рет мастер-класқа барып отырамыз. Мысалы былтыр барған кезде новинка «сникерс» торт, «фисташка» торт, соларды үйрендік. Және де заливной пирогтар, трайфл, пирожныйлар әртүрлі.

Гүлнәр Исатаева балабақшада аспаз болып жұмыс  істеген. Алайда 2019 жылы отбасылық бизнесті қолға алып, жеке кәсіпкерлікті ашқан. Биыл мемлелекеттік бағдарлама шарапатын көрді. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, жылдам әрі сапалы торт пісіретін әмбебап электр пеш сатып алған. Бұл бұрынғыдан көп тапсырыс алып, кәсіптерін  дөңгелетуге мүмкіндік беріп отыр.

Гүлнәр ИСАТАЕВА, кәсіпкер:

-Бұрын мынандай асел пешпен жұмыс істегем. 4-5 пеш болды. Қиынға соқты. Заказ көп болады бізде, үлгермейміз. Таңға дейін жұмыс істейміз. Сондықтан қатыстым. Бұл пештің ерекшелігі уақыты мен сағатына қоясыз, піседі.

Отбасылық кәсіптің бір күнгі табысы қазір 200 мың теңге. Бастысы олар өздерін жұмыспен қамтып отыр.

Әли Қулатаев қайтарымсыз грантқа ұялы телефон қызметін ашып алған. Күрделі ақауы бар байланыс құралын жөндей алады. Ол үшін алақандай ғана телефонның ішіндегі құрылымын дәлірек көрсететін арнайы аппараты бар. Нәтижесінде жас кәсіпкер күніне 20-ға жуық істен шыққан телефонды қайта қалыпқа келтіріп бере алады.

Әли ҚУЛАТАЕВ, жас кәсіпкер:

-Ең басында қызушылық, өзім қызығып бастадым. Негізі істеп жатқаныма 2 жарым, 3 жыл болып қалды. Қаражалда болды негізі, 1 точка ғана болған, қазір конкурент болып отырмыз. Негізі өте сұранысқа ие.

Қаражал қаласында биыл осы қайтарымсыз грант 40 адамға беріледі екен. Бұл шаһарда азық-түлік дүкені, сұлулық салоны, лазерлік кесу тәрізді бизнес орталықтар өз жұмысын бастайды деген сөз. Мемлекеттік қолдауға ие болғандар қатарында көпбалалы аналар, әлеуметтік көмек алушылар және мүмкіндігі шектеулі жандар да бар екен.

Гүлбақша АҚАЖАНОВА

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар