МАҚСАТ АЙҚЫН, ЖОСПАР ЖОЙҚЫН

12:17, 2 ақпан 2021

Қарағандыда биыл облыстық перинаталдық орталықты жөндеу жоспарлануда. Облыстық клиникалық аурухана базасында әйелдерге арналған консультациялық-диагностикалық ахуалдық орталық ашылады. Сонымен қатар, Қарағанды облысының колледждерінде еңбек сұранысына сай мамандар даярлау қолға алынбақ

Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев онлайн жүйесінде өткен аппараттық кеңесте ана өлімін азайту шаралары туралы айтып берді. Онда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жүкті және босанған әйелдерге медициналық көмек көрсету бойынша өзекті мәселелерге назар аударған-ды.

Ержан НҰРЛЫБАЕВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Біз 2021 жылға арналған жоспар әзірледік, оны іске асыру - ана өлімінің көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік береді. Біріншісі - кадр тапшылығын, оның ішінде реаниматолог-анестезиологтар, акушер-гинекологтар тапшылығын жою қарастырылған. Екінші - дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру.  

Ержан Нұрлыбаев облыстық клиникалық ауруханада біліктілік орталығын ашу қажеттігін атап өтті. Оның базасында дәрігерлер мен медбикелер клиникалық тәжірибемен айналысатын  білікті тәлімгерлердің басшылығымен білім ала алады. Орталықты заманауи құрылғылармен жабдықтау көзделуде.

Ержан НҰРЛЫБАЕВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- 2021 жылы облыстық перинаталдық орталықтың ғимараты жөнделеді. Жезқазғанда перзентхана бөлімшесін көпсалалы аурухана ғимаратына көшіру жоспарлануда. Келесі қадам - ағымдағы жылдың наурыз айында облыстық клиникалық аурухана базасында консультативтік-диагностикалық орталықтың ашылуы. Мұнда Фертильдік жастағы әйелдерге кешенді қызмет көрсетіледі.

Сонымен қатар, жүкті әйелдердің денсаулығын бақылау және күрделі жағдайларда жедел әрекет ету мақсатында КДО-да босандыру мәселелері бойынша ахуалдық орталық жұмыс істейтін болады, - деп хабарлады басқарма басшысы.

Карантин талаптарына сай өткізілген онлайндық жүйедегі өткен аппараттық кеңесте Қарағанды облысының колледждеерінде жұмысшыларды еңбек нарығына сай сұранысқа ие кәсіптер бойынша оқыту мәселесі қаралды. Оннан астам жаңа мамандықтар ашу да жоспарланған. Бұл турасында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова мәлімдеді.  

Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Техникалық және кәсіптік білім беру саласында талап етілмеген мамандықтарды жабу және жаңаларын ашу бойынша жұмыс жалғасуда. Осы жылы Саран қаласында автобустар мен арнайы техника шығаратын зауыт іске қосылуына және автомобиль шиналарын шығару бойынша жоба іске асырылуына байланысты екі колледж базасында "Шиналар өндірісі", "Резеңке техникалық өндіріс", "Дәнекерлеу ісі" мамандықтары бойынша дайындықты бастаймыз.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылында тағы да әлеуетті он мамандық ашу жоспарланған. Аймақ колледждерінде жылыжай шаруашылығы, жаңартылатын энергетика, құрылыстағы цифрлық жобалау және модельдеу, газбен жабдықтау жабдықтары мен жүйелерін монтаждау және пайдалану бойынша мамандарды оқыту жоспарлануда екен. "Жас маман" жобасы да жүзеге аспақ. Онда ауыл шаруашылығы, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, сервис және тағы басқа бағыттар бойынша мамандар даярланбақ. Олардың бірінің базасында жаттығу лагерін құру жоспарланған. Жыл соңына дейін осындай сегіз орталық ашылады. Колледждердің оқу қызметін коммерцияландыру үшін бизнес-инкубаторлар саны артпақ. Сондай-ақ 39 колледж базасында жұмысқа орналастыру  орталықтарын құру жоспарланған. Гүлсім Қожахметова мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы жоспарлар туралы да айтып берді. Оның айтуынша жекеменшік балабақшалар ашу да жопарланған.

Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Биылғы жылы біз бөбектер мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қамтуды ұлғайтуға ерекше назар аударамыз. Мемлекет басшысы осыған назар аударады. Мектепке дейінгі білім беруді дамытуға жеке инвестицияларды тарту үшін біз жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесіне сәйкес мемлекеттік тапсырысты келтірдік. Қалада бір балаға 36,9 мың теңге, ауылда 37,2 мың теңге бөлінеді.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларды күтіп - бағуға 77 мың теңге кетеді, - деп атап өтті басқарма басшысы. Өткен жылы облыс бойынша 81 балабақша жөнделген. Биыл тағы сегізін жөндеу жоспарланған. Аймақта 13 білім беру нысаны салынуда. Биыл Шет ауданының Ақадыр ауылындағы және Жаңаарқа ауданының Ақтүбек ауылындағы мектептерге жапсарлас екі ғимараттың құрылысы басталмақ. Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде мектеп жанындағы интернаттың құрылысы жоспарлануда. Қарағандыда жаңа жеке мектеп ашу туралы ұсыныс бар екен.

Сейітқали ӘШІМ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ЖЕТПІС ЖАСТАН  АСҚАН  297 АДАМ ЕКПЕ САЛДЫРТТЫ
12:48, 16 сәуір 2021
ЖЕТПІС ЖАСТАН АСҚАН 297 АДАМ ЕКПЕ САЛДЫРТТЫ
Толығырақ...