«ҚЫС-2019» ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ

16:36, 5 қараша 2019

Өңірімізде жыл сайын өтетін «Қыс-2019» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығуы басталды. Екі күн ішінде төтенше жағдай департаментінің ішкі құрылымдық күші мен техникалық қуаттылығы сынға түспек

Бұл қысқы маусымға әзірлікті шыңдай түсетін дәстүрлі «Қыс-2019» республикалық оқу жаттығуы.  Алдымен, аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек сап түзеген ТЖД қызметкерлерімен тілдесті. Қаз-қатар тізілген жедел топтың техникалық базасымен танысты.

Өңір басшысына облыстық ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаев құтқарушы құрылымдарының бүгінгі жай-күйінен хабардар етті. 5-6 қараша, яғни, екі күн бойы командалық-штабтық оқу-жаттығуда азаматтық қорғау күштерінің қызметкерлері,  қыс мезгілінде кездесетін төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға дайындықты күшейтпек.   

Талғат НҰРМАҒАМБЕТОВ, ҚР ІІМ Төтенше жағдай комитеті төрағасының орынбасары:

-Біздің бүгінгі мақсатымыз- тозығы жеткен техникаларды жаңарту барысындағы жұмыстарды жеделдету арқылы сапалы қызмет көрсету. Оқу жаттығуды екі күн ішінде толықтай өткізіп, барлық құрылымды қамтуымыз тиіс. Тек, оқу жаттығуды өткізіп қана қоймай, қызметкерлердің әл ауқатын арттыру, жалақыны көтеру мақсатындағы мәселелерді шешуді қолға алудамыз.

Азаматтық қорғау- апаттық-құтқару құрылымдарының, жылжымалы басқару пунктері мен шатырлы лагердің дайындығын да облыс әкімі назарға алды. Аймақ бойынша 1200-ден астам техника қысқы маусымға сақадай сай деп есеп берген ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаев 400-ге жуық жылыту пунктерінің де әзірлігін мәлімдеді.

Ибрагим КҮЛШІМБАЕВ, облыстық ТЖД-ның бастығы:

- Барлық құрылымдағы адам саны 3000 болса, 390 жылыту пунктері жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, 7 медициналық пункт те маңызды бағыттағы жолдарда орналасқан. Бұл көрсеткіш еліміздегі ең көп пункт орналасқан өңір болып отыр.

Жеңіс Қасымбек  азаматтық қорғау саласы қызметкерлерін баспанамен қамту, тиісті мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтерге ие болу мүмкіндіктерін де шешу қажеттігіне басымдық берді. Төтенше жағдай комитеті төрағасының орынбасары Талғат Нұрмағамбетовке әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешу жолдарын ұсынған өңір әкімі халық қауіпсіздігі үшін бар жағдайдың жасалатынын жеткізді.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:

-Азаматтық қорғау саласы қызметкерлеріне арнайы бағыт бойынша баспанамен қамту мәселесін қолға алуымыз керек. Үлкен қала орталықтарында жағдайды шешу тиімдірек болады. Шахтинскі, Абай қалаларында бұл жұмысты ғимараттарды қалыпқа келтіру арқылы жүзеге асыруға болады. Осы бағытта келіссөздерді қарастыру керек.

Қызыл жалынды ауыздықтау,  суға батып бара жатқан адамды құтқарудағы басты ереже, ескертпелер ұсынылды. Азаматтық қорғау апаттық-құтқару құрамаларының қатысуымен  зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету дайындықтары пысықталды. Сондай-ақ, облыс әкімідігінде ТЖ комитетінің кезекті отырысы өтіп, маңызы зор мәселелер талқыға салынып, қысқы маусымдағы қауіпсіздікті күшейту жолдары айтылды.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар