ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

ҚЫМЫЗ САУДАСЫ­ ҚЫЗЫП ТҰР

11:49, 3 шілде 2021

Қарқаралы ауданында қымыз саудасы қызып тұр. Бұған дейін де сұраныстан кенде болмаған ұлттық сусынды сатып алушылар көлемі еселеніп кеткен

Бұл күніне бес мәрте бие сауып, жаңатоғандық ауылдастарының алғысын арқалап жүрген Бейбарыс Тілеубек. 23 жастағы жас кәсіпкер әкесінің ізін басып, атакәсіпті дамытып жүр. Кішкентайынан атқұмар болып өскен Бейбарыс қымыз ашытып, саудасын қыздыруға төселіп алған.

Бейбарыс ТІЛЕУБЕК,  жас кәсіпкер:

- Таңғы алтыда тұрып, жылқыны базға әкелеміз. Мұнымен, атам да, әкем де айналысқан. Әкем 30 миллион теңге үкіметтен алып, кәсіпті жандандыра түсті. Бұрын қолмен пісетін, сауатын қымызды аппаратпен сауамыз.

Алдымен, сауылған  сүтін арнайы күбіге жинап, қымыз ашытады. Қазақтың ұлттық сусыны электр қуатына қосылған жабдық арқылы тобылғымен ысталады. Күбіде баппен дайындалатындықтан, қымызды арнайы іздеп келіп ішетіндер көп, - дейді Бейбарыс.

Бейбарыс ТІЛЕУБЕК,   жас кәсіпкер:

- 10 шақты адамды еңбекпен қамтып отырмыз. Қаладан ауылға келіп осы кәсіпті дөңгелетіп, әке жолын жалғастыруды жөн көрдім. Талдықорғаннан алған адамдар жақында ғана қымызымызды жақсы, күшті екен деп хабарласыпты. Қазір бие сауатын адам табу қиын. Ал, аппарат қолайлы.

Дегенмен, ен даланың төсінде емін-еркін шауып өскен жануарды сауынға үйрету асқан шеберлікті қажет етеді, - дейді жас кәсіпкер.  Күн қатты ысып кетсе сүт бермей қалатын жайы тағы бар. Қазір биелерді аппарат арқылы саууға машықтанып алған.

Мақсат Бейсенаев, тілші:

-40 жылдан астам қымыз сауып, кәсіпке айналдырған қожалық биыл жаңадан арнайы сауын базасын салған. Оған 5 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Нәтижесінде, бір мезетте 200 бас биені саууға мүмкіндік туған. Қазіргі таңда мұнда 60 биеден сүт алынуда. Арнайы аппаратпен сауылып, күніне 150-200 литрден қымыз алынуда. Аудан тұрмақ, Алматы, Нұр-Сұлтан, Талдықорған тұрғындары да тапсырыспен алуда.

Қымыздары Түркия еліне дейін сатылымға шыққан. Саудамен қатар малды асылдандыру тұтас бір үлкен әулеттің отбасылық кәсібіне айналған. Ендігі мақсаттары  жылқы басын көбейтіп, кәсіпті кеңейту. Сөздерінше, карантиндік шектеулер басталған уақыттан бері - ел емді ұлттық сусыннан іздей бастаған.
Нұржамал ҚҰТТЫБАЙ,    шаруа қожалығының мүшесі:

-Қымыз – ағзаға, денсаулыққа өте пайдалы. Карантиндік шектеулер кезінде сұраныс артты. Ата кәсіпті дамытуда балалар аянбай еңбектенуде.
Қарқаралы ауданында 800-ден астам шаруа қожалығы бар болса, оның 43-і дәл осы Жаңатоған ауылында орналасқан. Оның басым бөлігі қазіргі таңда қымыз саудасын қыздырып, ұлттық сусынды ұлт саулығы үшін кәсіпке айналдырған.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 


 

Тақырып бойынша материалдар

ОБЛЫСТЫҚ БЮДЖЕТКЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ
16:49, 22 қазан 2021
ОБЛЫСТЫҚ БЮДЖЕТКЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ
Толығырақ...
МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҒЫ
16:33, 22 қазан 2021
МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҒЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ҚАРАҒАНДЫДА ТЕАТРЛАР ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ
18:03, 18 қазан 2021
ҚАРАҒАНДЫДА ТЕАТРЛАР ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ
Толығырақ...