ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

КӨШПЕЛІНІҢ МӘДЕНИЕТІ САХНАЛАНДЫ

13:34, 2 шілде 2021

«Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» фестивалі Жезқазғанда! «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, ел егемендігінің 30 жылдығына орай өтіп жатқан шара Жезді шаһардың «Жастар саябағында» ұйымдастырылды. Киіз үй, күмбірлеген домбыра және ән мен би

Облыс орталығы Қарағандыдан келген қазылар алқасын Жезқазған осылай қарсы алды. Саябақтың кіреберісінен төріне дейін өнерпаздар сап түзеді. Бөрік пен оюлы шапан және сауыт киген жігіттер, сәукеле мен камзол киген бұрымдылар тойдың сәні болды. Ауылдың ақыны да құрметті қонақтарға қош келгендерін айтып, жырын тарту етті.

Одан әрі қазылардың алдынан адырна тартқан мергендер, боз кілемде алысқан палуандар шықты. Олар Жезқазғандағы садақшылар мектебінің шәкірттері. Спортшылар республикалық, халықаралық турнилерге жиі қатысып, жүлде де алып жүр. Арқан тартыс, асық, тоғызқұмалақ секілді өзге де спорт түрлері дәріптелді. Қыз бен жігіт айтысып, сауыққа жиналғандарға жырдан шашу шашты. Аршалы домбырасымен сал-серілер де ауылды думанға бөледі. Ашамай салты сахналанды. Ашамай дегеніміз – 3-4 жасқа толған баланы тайға мінгізу салты. Ел ақсақалы ерге қонған келешек тізгінұстарға батасын берді, қайыстан өрілген, күміспен безендірілген қамшыны ырымдап сыйлады.

Сарбас Хамзеұлы домбыра шебері. Екі шекті музыка аспабын 25 жыл бойы жасап келеді. Шебер бұл өнер тегімде бар дейді. Оған еліміздің түпкір-түпкірінен тапсырыстар келіп түседі екен.

Сарбас ХАМЗЕҰЛЫ, домбыра шебері:

-25жылдың ішінде 5 мыңға тарта домбыра жасаппын. Жезқазғанның музыка мектептеріне берем. Халық әртісі Ғалым Мұхаммедин, Жанғали Жүзбаевтарға да бергем домбыраларымды. Нұр-Сұлтан, Қарағандыға жіберем. Қайың, палисандар, үйеңкі, өрік ағашы секілді материалдардан жасаймын.

Жезқазғандық Гүлбану Сабырқызы габилен өнерін игерген. Бұны екінің бірі білмейді. Жасалуы түкті кілем тоқу техналогиясына ұқсас. Тек арнайы құралды қажет етеді.

Гүлбану САБЫРҚЫЗЫ, габилен шебері:

-Бұл негізі габилен өнері. Ол түкті кілем сияқты тоқылады. Бұның арнайы аппараты бар қалам сияқты. Негізінде көркем туындыларды габилен арқылы беремін. Мысалы Қаныш  Сәтбаевтың тұлғасы, қаламыздың суреті көрмемде бар.

Бұл фестивальдің негізгі мақсаты – салт-дәстүрімізді дәріптеу, ауылда көзге түспей жүрген таланттарды тауып, олардың творчествасына қолдау білдіру дейді қазылар.

Мұқан ТҰҢҒЫШБАЙ, өлкетанушы, мәдениет саласының үздігі:

-Сіздер арқылы қазақ халқының бір-біріне ұқсамайтын, қайталанбайтын салт-дәстүрлерін көрдік, туындыларын көрдік. Қолөнер шеберлері ортаға шықты, өнерпаздар өнерлерін көрсетті. Небір майталмандар, шеберлер ортамызда өмір сүріп жатқанын көрдім. Олар ұрпақ үшін аса қажет.

Ерік НАРЫН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

Тақырып бойынша материалдар

ОБЛЫСТЫҚ БЮДЖЕТКЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ
16:49, 22 қазан 2021
ОБЛЫСТЫҚ БЮДЖЕТКЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ
Толығырақ...
МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҒЫ
16:33, 22 қазан 2021
МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҒЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ҚАРАҒАНДЫДА ТЕАТРЛАР ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ
18:03, 18 қазан 2021
ҚАРАҒАНДЫДА ТЕАТРЛАР ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ
Толығырақ...