ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІ - ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНЫҢ НАЗАРЫНДА

16:04, 15 сәуір 2021

Қордаланған қоқыс азаятын емес. Бұл мәселені Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары тұрақты комиссия отырысында талқыға салды. Тәртіп сақшылары шаһарымызды абаттандыру ережелерін бұзушылармен қалай күресуде?

Әлеуметтік желілерде Қарағанды қаласының санитарлық жағдайы қызу талқыға түсуде. Негізінен тұрғындар қоқыс қалдықтары  аулаларда, жеке секторларда, түрлі кәсіпорын ғимараттарының маңайы лас деп шағымдануда. Бұл жерлерде бейнебақылау камералары жоқ.

Ерлан АҚЫЛБЕКОВ,  Қарағанды қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары:

- 13 сәуірдегі жағдай бойынша 505-бапқа сәйкес 604 бұзушылық анықталды. Оның ішінде шағын кәсіпкерлікке қатысты жалпы сомасы 2 миллион 50 мың теңгеге 26 хаттама жасалды. Орта кәсіпкерлік субъектілерінде - 3 факт. 437 мың теңге айыппұл салынды.

Халық қалаулылары жергілікті билік өкілдерімен бірге қала көшелерін аралап шыққан. Айтуларынша күл-қоқыс азаймай тұр. Қалдықтарды шығаруға жауапты кәсіпорындар мен полиция қызметкерлеріне ластанған қаламыздың суреттері көрсетілді.

Елдос ЖҮНІСОВ, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты:

- Жағдайды пайдалана отырып, ТКШ бөліміне уәкілетті орган, тиісті ұйымдардың өкілдері ретінде қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтау, қоқысты шығару кестесінің орындалуын бақылау қажет екенін айтқым келеді. Бұл үшін барлық жағдай жасалған.

2020 жылы қоқыс алаңдарын абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілді. Бүгінгі таңда қоқыс алаңдары абаттандырылған, бірақ бейнебақылау камералары мен жарықтандыру жоқ.

Сәтпек  ӘБДІҚАЛЫҚОВ,  Октябрь ауданы әкімінің орынбасары:

- 320 алаң абаттандырылды. Аудан прокуратурасының ұйғарымынан кейін бейнекамераларды орнатуға тыйым салынды. Сондықтан аудан әкімдігі ақшаны бюджетке қайтарған болатын.

Мақсұт ҚОЖАНОВ, Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары:

- Қоқыс контейнерлеріне келетін болсақ, өткен жылы ауданда 560 алаң жөнделді. Бізде де камералар болмады. Бізде жарық бар, бірақ әзірге   істемейді. Ол жұмыстар техникалық себептер бойынша аяқталмаған.

Депутаттар учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен, ПИК төрағаларымен, басқарушы компаниялармен және коммерциялық кәсіпорындармен абаттандыру мәселесін нашар пысықтап жатқанын атап өтті. Аудан әкімдігімен де тығыз байланыс жоқ. Сондай-ақ, БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да ақсап тұр.

Құдайберген БЕКСҰЛТАНОВ, Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы:

- Бұл депутаттар үшін емес, тұрғындар үшін қажет. Біз бәріміз бір ортақ іс жасаймыз. Осы қалада тұрамыз. Біз үшін фактілер мен істің жай-күйін талдау маңызды. Бұл экология мәселесі, бүгін біздің денсаулығымызға, ертең балаларымыз бен немерелерімізге зиян келтіреді.

Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар апта сайын жауапты тұлғаларға фото-бейне арқылы есеп беруді ұсынды. Ал полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар абаттандыру ережелерін ұстануға бағытталған шараларды жалғастыра береді.

Райхан САЙРАНБЕК

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар