ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІҢ ЖЫРЫ

12:03, 17 қыркүйек 2021

Октябрь ауданына қарасты «Шахтерский» ықшам ауданының тұрғындары қоғамдық көлікке жарымай отыр. Айтуларынша, белгілі бір уақыт сайын жүретін №8 автобусты кей кездері сағаттап тосуға мәжбүр. Ал, кестеге сай жүргеннің өзінде бекітілген интервал халыққа тиімсіз көрінеді

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ,   тілші:

-  Жыр болған қоғамдық көлік мәселесін біз осыдан төрт жыл бұрын көтерген болатынбыз. Әкімшілік халыққа аяушылық танытты ма, әйтеуір №50-ші автобусты қатарға қосқан болатын. Дегенмен, 1 апта өтпей жатып № 50 авобус  қарасын көрсетпеген. Бүгінде тұрғындар қала тұрмақ жақын тұрған Көгілдір тоғанға қатынауда қиындық көруде. 

 «Шахтерский» ықшам ауданының тұрғындары алғашында әкімдік үй кілтін тапсырғанда қуаныштарында шек болмаған. Алайда, уақыт бес жыл өтсе де қоғамдық көлікке жарымай отырғандарына қапалы. Осыған дейін автобус мәселесін жергілікті әкімдікке сан мәрте жеткізген. Мұндағы көпқабатты үйлердің өзінде 120 пәтер болса, әрбір үйде 2-5 баладан бар.  Осыны ескерсек, қақаған қыста автобус күткен оқушылардың далада үсіп қалудың алдында қалатыны тағы бар.

Тұрғындар  тым болмағанда №8 автобустың жүру интервалы аралығын қысқартуды сұрайды. Қоғамдық көліктің соңғы жүру уақыты 19:40-та аяқталатын көрінеді. Жұмыстан шығып, «Көгілдір тоған» аялдамасына жетуге жанталасатын жұрт үлгермей қалса амалсыз такси шақырып, қалтасындағы қаржысынан амалсыз қағылады.  

Зәуреш ТӨЛЕУХАН,   тұрғын:

-Күнде таксимен жүреді адамдар. Қиын. Балалар автобус кестесімен сабақтан қалмайық деп бір сағат ерте мектепке барады. Далада жүруге мәжбүр. Алаңдаймыз. Автобус интервалын қысқартса, кешке жұмыстан қайтқанда да үлгермей жатамыз.

Алтынгүл ОРЫНБЕКОВА,  тұрғын:

-Таксимен жүруге бәрінің қалтасы көтере бермейді. Неше рет әкімдікке айттық. Мәселе шешілмегелі 5 жыл, осы автобус мәселесі тұрақтанбай қойды. Анамын. Балалардың қауіпсіздігі алаңдатады, әрі қыста тіпті қиын.
Ықшам аудан тұрғындары кестеге сай жүруі тиіс болған №50 автобусты қайта қатарға қоспаса да, № 8 автобус арқылы «Көгілдір тоған» ықшам ауданына қатынау аралығын жарты сағатқа қысқартса дейді. Ал, жергілікті атқамінерлер №8 автобустың кесте бойынша жүріп жатқанына сенімді. Тіпті, №50 автобустың осыдан төрт жыл бұрын жүргенінен де хабарсыз болып шықты. Мардымсыз жауап берген маманның сөзіне сүйенсек, жақын күндерде тұрғындар тілегі орындалмайтын сыңайлы.

Темірлан ТАЛБЫДАЕВ,   ,,,,,,  жолаушылар көлігі бөлімінің бас маманы:

-Біз автобустағы кесте бұзылу туралы хабарды естіген бойда тексердік. 15-20 минутқа кешіккен жайттар расталды. Автопаркке ескертілді. 1-2 сағат автобус жоқ болды дегенге келісе алмаймын. 50-інші автобус жөнінде ештеме айта алмаймын.

Бұл бағыт бойынша қатынауды реттеу үшін жолаушылар саны жеткіліксіз болуы  бірден бір себеп, -  дейді, мамандар. 50-інші автобусты жоқтап жүрген жұрт сегізінші автобустан да айырылып қалмасына кім кепіл!? Өйткені мұнда қоғамдық көлік тоқтайтын аялдаманың жоқтығы да тұрғындарды ойландырмай қоймай тұр.    

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСЫ БОЛУ - ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ
15:27, 26 қазан 2021
ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСЫ БОЛУ - ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН - БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ МЕКЕНІ
16:50, 21 қазан 2021
ҚАЗАҚСТАН - БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ МЕКЕНІ
Толығырақ...