КЕНТКЕ КЕШЕНДІ ЖОСПАР КЕРЕК

17:04, 4 мамыр 2021

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Ақтоғай ауданында болды. Аймақ басшысы іс сапар барысында ауданның өзекті мәселелерімен танысып, коммуналдық шаруашылық бойынша сұрақтарды шешу жолдарын қарастырды

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай кенті тұрғындарымен ашық пікір алмасып, өзекті мәселерді ортаға салды. Аталмыш елді мекеннің белсенді тұрғындарымен бірге  нысандарды аралап көрген аймақ басшысы әлеуметтік ғимараттардың жетіспеушілігін алға тартты. Коммуналдық саладағы күрмеуі көп мәселелерді назарға алды.

Фарида ҚҰРЫШЕВА,    Шашубай кентінің тұрғыны:

- Кентте дәріхана, жайлы аялдама павильоны, балалар мен ересектердің демалуына арналған алаңдар жоқ. Балқашқа бару үшін үлкен автобус қажет. Сумен жабдықтау, кәріз мәселелері де шешілмеген.

Дәріхана, балалар алаңдары секілді кентке ауадай қажет болып тұрған өткір сұрақтар тұрғындар тарапынан  облыс әкіміне тікелей қойылды. Өз кезегінде аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында кедергілерді түбегейлі шешу қолға алынатынын мәлімдеді.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК,    Қарағанды облысының әкімі:

 - Жалпы, Шашубай сияқты кенттерді дамытудың кешенді жоспары қажет. Сізге барлық жауапты органдардың қатысуымен комиссия жіберемін.

Шашубайлық тұрғындар отбасылық-дәрігерлік амбулатория мен басқа да әлеуметтік мекемелерді жөндеу сапасына наразы. Сонымен қатар, көп жыл бойы бос тұрған бес қабатты үйлердің жағдайы не болады деген сұраққа алаңдаушылық білдірді. Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова  болса, үш мыңға жуық халқы бар кентте бос тұрған  төрт үйді тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін қалпына келтіруге ниетті екенін айтты.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар