1995 жылы еліміз қара жамылған еді. Сол жылдың 7 сәуірінде тәжік-ауған шекарасы бойындағы Пшехавр шатқалына бітімгерлік миссиямен аттанған Қазақстанның сарбаздарына қарулы топ шабуыл жасап, 17 жауынгер қаза тапқан еді. Қарағанды қаласында орналасқан 6505 әскери бөлімінде жас ұландар сап түзеп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Сөйтіп қаһармандарды еске алды
Қаза тапқан 17 жауынгерден өзге тағы 33 қазақстандық жарақат алған еді. Елімізден тәжік-ауған шекарасына жалпы саны 9635 сарбаз аттаныпты. Нұрболат Аяғанов солардың қатарында болған. Ол қаза тапқан қаруластарын қайғырып еске алды. 6505 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген жас ұландардың алдында сөз сөйледі.
Нұрболат АЯҒАНОВ, Қарағанды қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы:
-Еліміздің тыныштығы, қауіпсіздігі әр әскери азаматтың мойнындағы қасиетті борыш. Әр сарбаз өзінің жері үшін, елі үшін өмірін беруге әзір болуы тиіс.
Қаза тапқандардың арасында Қарағанды облсының үш сарбазы болыпты. Еске алу шаралары Қазақстанның түкпір-түкпірінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылады екен. Сарбаздардың аналар кеңесінің атынан Мария Фасеева қатысты.
Мария ФАСЕЕВА, «Сарбаздардың аналары» кеңесінің төрайымы:
- Кез-келген жауынгердің анасы өзінің ұлын мақтан етеді. Біз өз ұлдарымызды сүйенеріміз деп, қорғанымыз деп білеміз. Елде тыныштық сақталсын. Бейбіт заман болсын.
Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар