ҚАРҚАБАТ АНАНЫҢ МҮСІНІ ОРНАТЫЛАДЫ

15:32, 15 сәуір 2021

Есімі елге ұран болған Қарқабат ананың мүсіні қойылады. Бұл Қарағандыдағы «Орталық Қазақстан» академиясында өткен «Ұлы дала аналары – Қарқабат» ана атты ғылыми конференцияда мәлім болды. Зум форматындағы шара егемендігіміздің 30 жылдығы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылды

Конференцияда қола мүсіннің қай өңірге қойылатыны анық болды. Бастаманы көтеріп, оны жүзеге асырушы, қаржылай қолдаушы Бақтыбай Жүнісов бұл сұрақтың төңірегінде біршама талқылау болғанын айтты. Тарихшылардың бір бөлігі бір жағалауға, енді бір бөлігі басқа жағалуға тартқан екен. Кеңесе келе ортақ шешім қабылданыпты.

Бақтыбай ЖҮНІСОВ, Орталық Қазақстан академиясының ректоры, меценат, кәсіпкер:

-Екі-үш ұсыныс болды. Біреу Қарағанды деді, біреу Балқаш деді. Үлкен адамдармен ақылдасып, біз ортақ шешімге келдік. Мүсін қасиетті, кеиелі тарихи мекен Қарқаралыға қойылады.

Тұмар патшайым, Зарина сұлу, Домалақ ана, Ұмай ана. Ұлтымызда даңқы жалпақ жұртқа мәлім болған аналар баршылық. Конференцияға қатысқан филология ғылымдарының докторы, профессор Мәуен Хамзин Қарқабат ананың тарихымызда алатын орнын өзінше жеткізді.

Мәуен ХАМЗИН, филология ғылымдарының докторы, профессор:

-Қарқабат ана кім? Қарқабат ана көзінің тірі кезінде өз елінің ұранына айналған. Неге? Ол адам берекені, бірлікті сақтауға көп үлес қосқан. Елін ұлттық мүдде жолында ұйыстыра білген.

Қарқабат ана атақты Мейрам сопының жары болған. Екеуінен Болатқожа деген ұл туған. Болатқожаны Қаракесек атап кеткен. Қаракесек деген Арғын тайпасының «Бес мейрам» рулар бірлестігіне кіретін рудың атауы екені Алаш жұртына мәлім. Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов Қарқабат ана жөнінде бүгінге дейін жеткен тарихи әңгімені қысқаша айтып берді.  

Жандос СМАҒҰЛОВ, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы:

-Әулиелігі сондай, Мейрам сопы бабамыздың дәрет алатын құманын қойнынан алып, суын жылытып жатқан. Сонда Мейрамсопы бабамыз Қарқабат анаға өркенің өссін, ұрпағыңның ұранына айнал деп бата берген. Бабамыздың айтқаны келді.

Конференция барысында бұлардан да өзге тарихи деректер айтылды. Жалпы ғылыми жиынға алпысқа жуық мақала келіп түсіпті. Оның он екісі шетелдік ғалымдардан жеткен екен.

Ерік НАРЫН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар