КАБИНЕТ АШЫЛДЫ

13:41, 10 маусым 2021

Әлеуметтік сала - мемлекет әлеуетінің көрсеткіші. Бұл сала мамандарының еңбегі әрқашан халық жүрегінен орын алады. Ерекше күтімді қажет ететін жандарға қызмет қылуда аянбай тер төккен жандардың бірі Эльмира Тұрғынбаеваның құрметіне Октябрь ауданына қарасты үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде кабинет ашылды

Эльмира Тұрғынбаеваға арналған кабинетте марқұмның фото суреттері жинақталған альбомдар мен еңбектері қойылған. Қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанов бастаған ел қалаулылары сол шараға қатысып, әлеуметтік көмек көрсету саласының маңыздылығына тоқталды.

Құдайберген БЕКСҰЛТАНОВ, қалалық мәслихаттың хатшысы:

- Кәсіподақ ұжымының бастамасымен Эльмира Төкенқызының есімімен арнайы бөлме ашылды. Осы салада 34 жыл қызмет атқарды. Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлаймыз. Әлеуметтік қорғау бойынша біршама жылдар бойы қызмет етті. Еліміз және халқымыз үшін 2020-2021 жылдар ауыр сынақ болды.

Эльмира Төкенқызы Октябрь аудандық әлеуметтік көмек беру бөлімінде меңгеруші қызметін 34 жыл бойы атқарды. Еңбек еткен жылдарында қарапайым халықтың жанынан табылып, талай адамға көмегін аямаған. Көзі тірісінде абыройлы атқарған қызметі үшін қала әкімінің құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталған. Бүгінде қызметтес болған әріптестері марқұмның жарқын бейнесін сағынышпен еске алады.

Марина СЕМЕНОВА,  марқұмның құрбысы:

- Ол мейірімді дос, жақсы әріптес болатын. Кез келген уақытта хабарласқанда ақылын айтып, жұмыс барысында нұсқау көрсетіп жол түзейтін. Қазір орны ойсырап тұр. Эльмира Төкенқызы әрқашан жадымызда.

Эльмира Тұрғынбаева үнемі ізгілікті істерге бастамашы болып жүрген. Сондықтан шара барысында әлеуметтік көмек көрсету бөлімі 25 отбасына азық-түлік толы қоржындар таратты.

Нәсіп ЖҮНІСБЕКОВА, бөлім меңгерушісі:

- Эльмира Төкеновнаға қарап ой түзеп, бой түзеп өттік. Барлығымызға тәлімгер, қамқор болған, адал да сүйікті әріптесіміз. Мен Эльмира Төкеновнамен 25 жыл жұмыс істедім. Ол кісі әрдайым өзін жақсы жағынан көрсетті. Енді біздің жұмысымыз оңай емес қой. 

Шара соңында халыққа қалтқысыз қызмет қылып жүрген Октябрь аудандық үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің бір топ қызметкерлері алғыс хаттармен марапатталды.

Жаннұр СҮНДЕТУЛЛАҚЫЗЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар