ҒАСЫРДЫ ЕҢСЕРГЕН АРДАГЕР

12:27, 5 ақпан 2021

Шахтинск қаласы Долинка кентінде тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Ионович Чирышев 100 жасқа толды. Шахтинск қаласы әкімі Сержан Аймақов майдан жауынгерін мерейтойымен арнайы құттықтап келді

Ғасырды еңсеріп отырған Николай Ионович 1921 жылдың 4 ақпанында Смоленск облысында дүниеге келген. 1940 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, сержанттар мектебіне жіберілген. Мерейтойлық мереке күні ардагерді құттықтаушылар көп болды. 100 жасқа толып отырған Николай Чирышевтің бар арманы – артынан ерген немерелерінің елге қызмет ететін саналы ұрпақ болып қалыптасуы.

Николай ЧИРЫШЕВ, Ұлы отан соғысының ардагері:

-  Әрдайым қамқорлық танытып, бір-бірімізді демеп, қолдап жүрген жөн. Егер біз айналамыздағыларға жанашырлық таныта білсек, өмірдің қуанышты сәттері көп болары сөзсіз. Бүгінгі еліміздің даму жолында жастарға айтарым - тәрибелі, білімді болып қалыптасу өмірдің үлкен жемісі дер едім.

Шахтинск қаласының әкімдігі Николай Ионовичті мерейтойымен құттықтап, ардагерге бейбіт ғұмыр сыйлауға үлес қосқаны үшін алғыс білдірді. Қайсарлық пен ұлы ерлік жасағаны өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екенін мақтанышпен жеткізді. Мерейтой иесінің иығына ұлттық шапан жабылды.

Сержан АЙМАҚОВ, Шахтинск қаласының әкімі:

-Николай Ионович, мен сіздің жасаған ерлігіңіз бен жеңіс үшін күрескен батырлығыңызға тәнтімін. Сіздер сыйлаған жеңістің бүгінгі ұрпақтары сіздерге қашанда алғыстарын жаудырады. Майдан даласында сұрапыл соғыс басталғаннан аяқталғанға дейін қатыстыңыз. Шахтинск аумағында еңбек еттіңіз. Зейнет жасына шықсаңыз да жас ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелеп келдіңіз.  

Ардагер 6505 әскери бөлім өкілдерінен, Шахтинск қалалық мәслихат депутаты, қалалық қорғаныс бөлімі мен ардагерлер кеңесінен толассыз құттықтау лебізін алды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы Николай Ионовичтің фотосуреттері мен жауынгерлік еңбектері бар стенд те дайындап қойған.

Ольга БОРТНИК, Н.Чирышевтің немересі:

-  Мына суретте атамның 93-94 жасы. Бұл фотолардың ішінде отбасылық естеліктер де, мұражайдан алынған суреттер де бар. Естеліктер ішінде, атамның жас кезінен қазіргі кезге дейінгі бейнесін толықтай көріп шығуға болады. Оның барлық өмірі жайлы осы бейнелер сыр шертеді.

Николай Чирышев Мәскеу үшін болған, Курск доғасындағы шайқасқа қатысқан. Берлинді жаулап алуға атсалысқан. Жеңістен кейінгі кезеңде Берлинде әскери қызметін жалғастырды. 1946 жылдың 20 наурызында сержант атағымен әскерден қайтып оралған. Зейнетке шыққанына қарамастан майдангер өндірісте бірнеше жыл бойы еңбек етіпті.

Нина ПЕРЕГУД, Н. Чирышевтің қызы:

-  Әкеміздің бар ойы балалары, немерелері. Ол өмірге зор жауапкершілікпен қарайды. Оның ауырлығын да, ауыртпалығын да жеңіл қабылдайды. Барлық мәселені байыппен қабылдап, шешеді. Біз әкеміздің осы бір керемет қасиетінің өзіне ерекше тәнтіміз.  

100 жасқа толып отырған Николай Ионович Отан алдындағы ерекше қызметі үшін жоғары наградалармен марапатталған. 2-ші дәрежелі «Отан соғысы»  «Қызыл Жұлдыз», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» тәрізді ордендердің иегері. Шахтинск қаласының Құрметті азаматы.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ЖЕТПІС ЖАСТАН  АСҚАН  297 АДАМ ЕКПЕ САЛДЫРТТЫ
12:48, 16 сәуір 2021
ЖЕТПІС ЖАСТАН АСҚАН 297 АДАМ ЕКПЕ САЛДЫРТТЫ
Толығырақ...