ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ЕЛ АЗАМАТЫ

16:41, 11 қаңтар 2021

Еңбегі ерен азаматтар ұмытылмақ емес. Қарағандыда қазақ музыка мектебін ашуда үлесі зор өнер майталманы Иманкелді Көшербаевтың сыныбы ашылды. Кабинет кезінде өзі еңбек еткен қара шаңырақ Қ. Аманжолов атындағы музыка мектебінің қабырғасында орналасқан

Бұл Иманкелді Көшербаев 6 жыл бойы басшылық еткен Қарағандының қазақ музыка мектебі. Енді дәл осы қара шаңырақта ардақты ұстаздың есімімен аталған сынып жұмысын бастамақ.  Осылайша мәдениет саласының жоғын жоқтап, өнерді өміріне балаған майталманның өшпес еңбегі еленді. 

Сәбит ӘБДІБАЕВ, И. Көшербаевтың ағасы:

-8 сынып бітіргеннен кейін өз еркімен осы училищеге барамын, музыкалық училищеде оқимын деп ешкімнің көмегінсіз, өзінің талабы, еңбегі арқасында музыкант атанды.

Ол Кеңес заманында төл өнерді төрге шығарып қана қоймай, тәуелсіздік алған тұста қазақ музыка мектебінің жұмысын іске қосты. Есігін айқара ашқан жаңа білім ордасына алаштың аяулы ақыны Қ.Аманжоловтың есімін беруді де өз міндетіне балаған. Ал,Октябрь ауданында ашылған  қазақ мектебіне ұлтымыздың ұлы көсемі Әлихан Бөкейханның есімін беруде талмай тер төкті. Осылайша, аймақтың ардақты тұлғаларын ұлықтап, көптің есінде қалды. Дәстүрлі өнерді ұрпаққа дәріптеген ел азаматы ғұмырының соңына дейін шәкірт тәрбиелеу ісімен айналысқан.

Дәурен АРМАНҰЛЫ,  И. Көшербаевтың шәкірті:

-Сол кезде қазақ мектебін ашу деген өте қиын шаруа, тіпті қазірдің өзінде бұл іс оңайшылыққа түспеген. Шырылдап, барлық есікті қағып, еңбек етті. Енді міне бүгін сол еңбегі еленуде.

Марқұмның мұрасы айтылып, естеліктер қайта жаңғырған шараға оның балалары да қатысты. Әке ісін жалғап, қос ішекті қара домбыраны серік қылған Ұлпан Иманкелдіқызы жиналған қауымның көңілін бір сергітті.   

Шара соңында мектептің тарихынан сыр шертер бейнебаяндар көрсетіліп,  оның негізін қалауда еңбегі ерен тұлғалардың есімі аталды.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

БАЛАЛАРДЫҢ АҒЗАСЫНДА ҚОРҒАСЫННЫҢ БАР-ЖОҒЫ ТЕКСЕРІЛЕДІ
15:35, 24 ақпан 2021
БАЛАЛАРДЫҢ АҒЗАСЫНДА ҚОРҒАСЫННЫҢ БАР-ЖОҒЫ ТЕКСЕРІЛЕДІ
Толығырақ...