ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

БАЛЛОНДЫ ГАЗ БАҒАСЫ АРЗАНДАДЫ

14:44, 13 қаңтар 2022

Қарағанды өңірінде баллонды газ бағасы 30 пайызға арзандады. Тұрғындарға сұйық отынды жеткізетін 8 бірдей компания сұйытылған газдың әр литрін 70 пен 105 теңге аралығында сатып жатыр.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ,  тілші:

-Дәл қазір біз Әлемгаз мекемесінің газ баллондарын толтыру цехындамыз. Мұнда тәулік бойы қарқынды жұмыс жүргізіледі. Осыған дейін мынадай 17 литрлік газ баллондары 2200-2300 теңгеден тұтынушыларға берілген. Қазіргі уақытта баға өзгеріп, осындай көлемдегі баллондар 1500 теңгеден сатылымға шыққан.

Облыс нарығының 30  пайызын газбен қамтамасыз етіп отырған  «Әлемгаз» компаниясында 17 литрлік газ баллон 1500 теңге, ал 34 литрлік үлкен баллоннның құны 3000 мың теңге, 50 литрлік баллон 5 000 теңге болып бекітілген. Егер жеткізу керек болса, бұл сомаға тағы шамамен 500 теңге қосылады. Ал Жезқазған қаласында баллонды газдың бағасы 130 теңгеден 88 теңгеге дейін төмендеген. Балқаш шаһарында көгілдір отынның әр литрі 85 теңге тұрады. Дегенмен, көпқабатты үйлерге берілетін орталықтандырылған газдың бағасында әзірге өзгеріс жоқ.

Асқар ШАРАФУДДИНОВ,  "AlemGaz" ЖШС директоры:

-Көпқабатты үйлерге берілетін газдың бағасы мүлдем басқаша есептеледі. Ол жерде шығын көп. Сондықтан әзірге өзгеріссіз қалып отыр. Соңғы рет бұл тариф 2019 жылы көтерілген. Қазір елдегі жағдайға байланысты газ құнын көтеруге мороторий жарияланды. Облыс әкімдігімен бірлесіп, бағаны қымбаттатпауға қатысты келісімдер жасалды.

Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде  2009 жылдан бері сұйытылған газбен жүретін автакөліктердің саны 2 есеге көбейген. Нәтижесінде, автогазға деген сұраныс артқан. 2019 жылы ел аумағында газбен жүретін 140 мың көлік болса, 2021 жылы олардың ресми тіркелгендер саны 314 мыңға жуықтаған. Осы арқылы тұтынушылар саны артып, нарықтағы қолданыс 2021 жылы 1,6 млн. тоннаға дейін жеткен. Тұрғындар тарапы аймақта газ бағасының төмендеуіне қуанышты.

Бауыржан ЖАРМАҒАМБЕТОВ, қала тұрғыны:

-Әрине, жақсы ғой 70 теңге. Ол қазірге, әзірше жақсы. Табысты өсіру керек деп ойлаймын, тек бағаны түсіріп қана қоймай. Компаниялардың шығыны жайлы да ұмытпаған жөн.

Дмитрий ВЕНГЛОВСКИЙ,  қала тұрғыны:

-Мен автогаз бағасы 40 теңге болғанда газбен жүретін көлігім болды. Қазір бензинмен. Газ бағасының арзандауы қуантады. Уақыт ағымына орай баға өзгерді. Дегенмен, 120 теңгеден 70 теңгеге төмендеуіне қуанбасқа болмайтыны тағы бар.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook парақшасында баллон газының бағасын төмендету бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы жазған болатын. Нәтижесінде, аймақтағы 8 компания өз тараптарынан түсіністік танытып, бағаның шарықтауына жол бермеуге септігін тигізген.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

ҚАРАҒАНДЫ-АЛМАТЫ БАҒЫТЫНДАҒЫ ӘУЕ РЕЙСІ ЖАНДАНДЫ
17:24, 20 қаңтар 2022
ҚАРАҒАНДЫ-АЛМАТЫ БАҒЫТЫНДАҒЫ ӘУЕ РЕЙСІ ЖАНДАНДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ЗЕЙНЕТ ЖАСЫНДАҒЫЛАР РЕВАКЦИНАЦИЯДАН ӨТУДЕ
14:22, 17 қаңтар 2022
ЗЕЙНЕТ ЖАСЫНДАҒЫЛАР РЕВАКЦИНАЦИЯДАН ӨТУДЕ
Толығырақ...