АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚҰНЫ БАҚЫЛАУДА

13:19, 10 маусым 2021

Дүкендерде картоп өнімдері мен көкөніс бағасы шарықтап тұр. Қала тұрғындары осындай шағыммен дабыл қақты. Бұқараның арызын «Сарыарқа - адалдық алаңы» жобасы аясында арнайы құрылған мониторинг тобы назарға алды. Әлеуметтік павильон мен супермаркет бағаларын біздің тілшілеріміз де бағамдап қайтты

Жергілікті тұрғындар дүкен сөресіндегі бағаларды көріп қатты таңдаңуда. «Көкөніс құнының дәл бұлай өскендігін алғаш көруіміз» дейді. Қарағандылықтар «екінші нанымызға» айналған картоп өнімі қолжетімсіз бағада екендігін айтады. Бұл тек бір ғана тұрғынның жанайқайы емес, себебі ауыл шаруашылық бөліміне қала тұрғындарынан 10-даған шағым қоңырауы түскен.

Мәлика КҮСЕНБАЕВА, «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

-  «Сарыарқа - адалдық алаңы» жобасының негізгі мақсаттарының бірі халыққа қолайлы жағдай жасау. Осының негізінде тұрғындардан соңғы күндерде көптеген шағым түсуде. Оның ішінде осы көкөністердің құны шарықтауына байланысты. Осы бойынша арнайы мониторинг тобы құрылды.

Әлеуметтік қорда сақталған өнімдер елге арзан бағада сатылуы қажет. Жергілікті ел бұндай бағадағы өнімдерді қаламыздағы 23 павильон мен ірі-сауда кешендерінен таба алады. Мониторинг тобы қаладағы сондай шағын сауда орталықтардың жай-күйін назарға алды. Арнайы топ күнделікті тұрмысқа қажетті заттардың қолжетімді екеніне көз жеткізіп, тауарлармен танысты.

Ирина МУСИНА, ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Баға тұрақтылығын сақтау үшін арнайы қор бар. Әлеуметтік жиырмадан астам павильонда арзандатылған өнімдердің бағасы шектен тыс өсіп кетпеуін күнделікті қадағалаймыз. Ірі сауда орталықтарында да халыққа арзан бағадағы өнімдер ұсынылған. Барлық кәсіпкерлермен бұл жұмыстар бойынша келісім жасалған.

Бұнымен қоса әлеуметтік павильионнан сұйықмай, күріш, жұмыртқа секілді қажетті тауарларды арзан бағада кездестіруге болады. Басқа сауда дүкендерінде 300-350 теңгеден сатылып жатқан картопты бұл қордан 70 теңгеден ала аласыз. Дегенмен, көкөністер «бағасына қаншалықты сапасы сай?» деген сұрақ туындайды.

Биылғы шыққан көкөніс өнімдерінің құны жалпы ел бойынша шарықтап тұр. Ал әлеуметтік қор өнімердері арнайы қойылған бағаны қатаң сақтауы тиіс. «Сарыарқа - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мониториг тобы күнделікті назарда ұстайды.  Егер де аталған сауда орталықтарынан өнім құнын шамадан тыс қымбаттатқанын байқасаңыз 42-17-12 нөміріне хабарласуға болады.

Жандос БАҚЫТҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар