АЖАР АЛТЫНМЕН АПТАЛДЫ

11:58, 7 сәуір 2021

Қарағандылық спортшы қыз көршілес елден олжамен оралды. Мәскеуде өткен самбодан «Анатолий Харлампиевтің мемориалы» атты әлем кубогында Ажар Салықова ел абыройын аспандатып, алтын медаль алды. Боз кілемде қарсыластарын қапыда қалдырып, төрешілердің таңдайын қақтырған саңлақ ару жайлы әріптесім Жанбота Рахметуллаұлы ой түйеді

Тактикасы теңдессіз, арыны абадандай Ажар мықты. Анатолий Харлампиев атындағы әлем кубогын сарапқа салған турнирде жерлесіміз қарсыластарын алып та, шалып та жықты. 68 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен бойжеткен екі кездесу өткізген. Әйтсе де самбошы жарыста әккі  палуандармен белдесу оңайға соқпағанын жасырмады.

Ажар САЛЫҚОВА, А.Харлампиев атындағы әлем кубогінің иегері:

-Бірінші белдесу Молдованка, ал екінші финалдық белдесу Ресей палуаны болды. Екі кездесу қиын болды. Сонау жерден келіп, қалайша күреспеймін деген ой мазалады. Қатысуға бел буып, содан финалға шықтым. АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ құдіреті  ауырғанымды мүлде сезген жоқпын. Ағайлардың тапсырмасын орындап, солай күреске шықтым.

Дүбірлі додада әлемнің  16 елінен 300 спорты  бағын сынады. Бәсі биік бәсекеде самбошылар 21 салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Ал Ажардың көздегені бапкерінің  сенімін сетінетпей, биікке ұмтылу. Әлем кубогінде сом білекті талантты қыз қазақтың беделін бес қарудай етіп, самбодан жеңімпаз атанды. Арманы асқақ аруды боз кілемдегі тынымсыз дайындық, айқын мақсат тек алға алға жетеледі. Соның жарқын жемісі ретінде самбошы ел қоржынын алтын медальмен толықтырды.

Ажар САЛЫҚОВА, А.Харлампиев атындағы әлем кубогінің иегері:

-Менің алдымда Олжас деген ағам күреске барып жүрді. Оның соңынан  еріп,  қызық көріп, мен де бардым. Басында  алысқан ұнады. Кейін күресіп, спортқа бет бұрдым. Одан кейін ауылдағы ағайларым интернатқа түс деген ұсыныс берді. Себебі ауылдық жерде шығу өте қиын. Сосын интернаттан кейін үлкен спортқа келдім. Қазір енді АЛЛА ТАҒАЛА қаласа  Азия біріншілігіне дайындық. Содан кейін әлем біріншілігі өтеді.

Бұрымды спортшының бағындырған белестері мен талай мәрте топ жарған тартыстары да баршылық. Ажар Салықова самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қайсар қыз 2019 жылы осы спорт түрінен Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Дзюдодан Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Спортты жанына серік еткен саңлақ самбодан ҚР-ның 3 дүркін чемпионы болған.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІ - ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНЫҢ НАЗАРЫНДА
16:04, 15 сәуір 2021
ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІ - ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНЫҢ НАЗАРЫНДА
Толығырақ...
ЖЕТПІС ЖАСТАН  АСҚАН  297 АДАМ ЕКПЕ САЛДЫРТТЫ
12:48, 16 сәуір 2021
ЖЕТПІС ЖАСТАН АСҚАН 297 АДАМ ЕКПЕ САЛДЫРТТЫ
Толығырақ...