ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

АУЫЛ ӘКІМДЕРІН ТІКЕЛЕЙ САЙЛАУ

17:21, 25 шілде 2021

Қазақстандағы ауыл әкімдерін сайлау – елді мекендердің экономикалық әлеуетін бағалап, оның даму деңгейін сапалы жоспарлауға мүмкіндік береді. Ақтоғай ауданына қарасты Тораңғылық ауылдық округінің тұрғындары жаңа реформаға сай басталған сындарлы шарадан осындай тұжырым түйіп отыр. Тағы бір ерекшелігі мұнда саяси науқанда серпін танытқан тұрғындарға сыйлықтар берілді

Тораңғылық ауылдық округінің тұрғыны Қазыбек Ештанайдың бүгінгі сынаптай сырғыған сын сағатындағы сайлаудан үкілеген үлкен үміті көп. Ал,  мемлекет басшысының осы маңызды қадамы ауылдардың ажарын ашып, толғауы жеткен түйткілдің түйінін тарқатудың теңдессіз  тиімді тетігі екенін айтады, қоғам қайраткері. Саяси науқанда белсенділігін байқатып, елден ерек келген сайлаушы күтпеген жерден керемет кәдеге кенелді.

Қазыбек ЕШТАНАЙ, Тораңғылық ауылдық округінің тұрғыны, сайлаушы:

- Бүгін сол  сайлау науқанына мынандай сыйлыққа кенеліп жатырмыз. Болашақ сайланып жатқан  әкімдерге сәттілік тілейміз.  Ауылдың өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін, білімін жұмылдырады деген ойдамыз. Қазақта айтады ғой, ақ түйенің қарны жарылған күн дегендей. Бұл халықтың ауыл әкімдерін сайлау шарасы науқанын күткелі біраз уақыт болды.

Ал, Ақтоғай ауданына қарасты Тораңғылық ауылдық округіндегі №472 сайлау учаскесінде таңсәріден бастап 5 маман тынбай, тыңғылықты жұмыс істеп жатыр. Бұл жерде саяси науқанға қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Негізі мұндағы  сайлау комиссиясының тізіміне  нақты саны 212 сайлаушы  тіркелген. Әзірге 159   адам дауыс берген.

Сұлтанғазы ОРАЗБАЕВ,  №472 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы:

-Бірінші рет  халық өзі ауыл әкімдерін сайлап жатыр. Үміттері бар енді жақсы өзгерістер болатынына. Таңғы сағат жетіден бастап сайлаушылар дауыс беріп жатыр. Дұрыс деңгейде өтеді деген үміттеміз. Себебі олар өздері таңдайды ауыл әкімдерін. Айталық комиссия мүшелері арнайы оқу курсынан өткен. Семинар болды. Барлығының сертификаттары бар.

Жалпы Ақтоғай  ауданы бойынша  екі кент пен 5 ауылдық округте сайлау өткізілу үстінде. Оған  21 кандидат ұсынылған. Сайып келгенде, Тораңғылық ауылдық округіндегі сайлаушылардың  пікірі ауыл әкімдерін сайлау - елді мекендердің экономикалық әлеуетін дұрыс бағдарлап, даму динамикасын  жүйелі жоспарлауға мол мүмкіндік береді дегенге саяды. Айта кетейік, саяси шара өтетін жерде барлық санитарлық талаптар сақталған.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ, тілші:

-№472-ші сайлау учаскесінде сайлау қызу әрі қарқынды өтуде. Сайлаушылардың арасында  жас та, жасамыс та бар. Өзге ұлт өкілдері де барынша белсенділік танытуда. Бір ерекшелігі бұл жердегі азаматтарға саяси науқанда серпін танытқаны үшін тосын тартулар мен сый-сияпаттар жасалды.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар