ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

АТА КӘСІПТІ ЖАЛҒАСТЫРУШЫ

15:44, 22 шілде 2021

Ваграншы деген мамандық жайлы естіп пе едіңіз? Жезқазған қаласында шойынды ескі әдіспен балқытатын вагранка пеші бар. Сол алып қазандықтың жұмысын қамтамасыз ететін маманды – ваграншы дейді екен. «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында металлургтер жайлы сюжеттер әзірлеу үшін «Қазақмыс» Корпорациясының қарамағындағы құю-механикалық зауытқа барған тілшіміз осындай бірегей кәсіп иесімен танысып қайтты

Айзада ОРАЗХАНҚЫЗЫ, тілші:

-Бұл шойын балқытатын Вагранка пеші. Зауыт ашылғалы бері істен шыққан емес. Үздіксіз дегенде, маусымдық жөндеу жұмыстары кезінде ғана тоқтатылады екен. Тәулігіне 7 тоннаға дейін шойын балқытатын бұл пешті көне жәдігер деуге болады. Себебі, қазіргі өндірістер тоқ пештерге басымдылық береді. Алайда мұндағы металлургтердің айтуынша, кокспен қызатын вагранкаға жетпейді. Себебі, мұндағы шойынның энергетикасы да, сапасы да ерекше екен.

Жүзі жылы, мінезі көркем. Жымиып қана жұмысын атқара береді. Аз сөйлеп, көп тер төгетін нағыз еңбек адамы. Мұндай азаматтың жанында өзіңді жайлы сезінесің. Түсірілім барысында Серік Құлмағамбетовтің қасында болған 1 сағатта осындай ой түйдім. Алайда, білдей бір зауыттағы бірегей пештің жұмысын дөңгелетіп отырғанына қарағанда, кейіпкерім мен ойлағандай «оңай жаңғақ» емес. Шойынды ескі әдіспен алатын өз ісінің шебері, әке кәсібін жалғастырушы.

Серік Құлмағамбетов,  құю-балқытушылар бригадасының бригадирі, ваграншы:

-Әкемнен қалған мұра – пешті баптап, өзім жөндеймін. Әкем бәрін үйретіп кеткен.

4 баланың әкесі вагранканы 5-ші перзенті санайды. Өзі іске қосып, балқыту барысын қадағалап, жөндеу жұмыстарын да ешкімге сеніп тапсырмайды екен. Қазандық ерекше ықтиярлықпен әрі тек күтіммен тұр. Сондықтан іске қосылғанына 68 жыл болса да жаңаларынан кем өнім бермейді. Әскерден келе сала балқыту цехына жұмысқа орналасқан жігіт ағасының осы пешті күтіп-баптағанына 20 жылға жуықтапты. 

Серік Өмірбекұлы  - Жезқазған өңіріне белгілі балқытушы Өмірбек Құлмағамбетовтің ұлы. Балқытушылар цехында 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен металлург осындағы әр қондырғыда өз қолтаңбасын қалдырған. Ұжымдағы бетке ұстар жұмыскерлер – осы кісінің тәлімін алып, шираған.   

Ербол Жанбаев, құю-механикалық зауыттың учаске шебері:

-Ол кісі баласын өте жақсы тәрбиелеп кетті. Өзінің артынан ізбасар қып, енді қазір Құлмағамбетов Серіктің өзі осы цехте балқытушылар бригадасының бригадирі болды. Өзі де шәкірт тәрбиелеп келеді.

Ваграншы –  жойылуға жақын мамандық. Қазір мұндай пештерді тоқпен қызатын қазандықтар алмастырған. Бұл Жезқазғандағы жұмыс істеп тұрған соңғы Вагранка. Мамандығына адал, жұмысына тиянақты металлург көптеген марапаттар иесі. «Қазақстанның дамуына қосып жатқан үлесіміз – ол үздіксіз өнім беру» дейді балқытушылар әулетін жалғастырушы.

Айзада ОРАЗХАНҚЫЗЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

ОБЛЫСТЫҚ БЮДЖЕТКЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ
16:49, 22 қазан 2021
ОБЛЫСТЫҚ БЮДЖЕТКЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ
Толығырақ...
МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҒЫ
16:33, 22 қазан 2021
МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҒЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ҚАРАҒАНДЫДА ТЕАТРЛАР ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ
18:03, 18 қазан 2021
ҚАРАҒАНДЫДА ТЕАТРЛАР ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ
Толығырақ...