АСАУҒА ТҰСАУ САЛЫП, АЛЫПТАР ТУҒАН АСЫЛ АНА

12:13, 8 сәуір 2021

Жаңаарқа ауданының Ақтау ауылында 55 жастағы әйел жылқы бағады. Қазіргі заман нәзікжандыларынан оның танымы бөлек. Керек десеңіз, асау үйретіп, аламан бәйгіге де қатыса алады

Алтын Мамыраеваның таңы ерте атады. Ақтау ауылында жылқышы әйел атанып кеткен.  Аттан түспегеніне осымен 45 жыл болыпты. Аттан құлап көрмеген, арғымақтары адастырып, ешқашан шалғай жолда қалдырмапты.   Қазір өзінің отбасылық жеке шаруа қожалықтарындағы қамбар ата тұқымын бағады. Жолдасы да ат құлағында ойнаған  әккі  жылқышы. Дегенмен үйір-үйір жылқыны бір уақытта жайылымға жіберуге жалғыз өзі үлгермейді. Сондықтан малдың бабына бес аспап Алтын апа ерлер ісіне ерінбей кіріседі.

Алтын МАМЫРАЕВА, Батыр ана:

-Балаларым намыстанады атқа мінгеніме. Мен оларды тыңдамаймын. Атқа мінбесем, денсаулығым болмай, ауырып қаламын. Атқа мінсем, өз өзімді жақсы сезініп, жақсы жүремін.

Ару қыз бойжеткен кезінде іші қызып, төрт тұяғы жер тарпыған  асауға тұсау салған. Қазірдің өзінде батыл жүректі, құрыш білекті ана тастай тақымымен құрсауға ала алады. Қазақстанда мықты, мен деген шабандоздар болса, қыз қууға қатысу арманым, - дейді.

Алтын МАМЫРАЕВА:

-Кезінде бауырыммен жарысатынмын. Мен одан әлде қайда озып кететінмін. Ол жылайтын. Кейін күйеуіммен бір ауылдан екінші ауылға баруға жарысатынбыз. Сонда да мен бірінші орын алатынмын.

Нәзікжан осы уақытқа дейін ердің немесе әйелдің ісі деп жұмыс талғамаған екен. Керек десеңіз шөп айырлайды, қи ояды, малды да сояды.

Нұрлан ОТАРБАЕВ, «Отарбай» жеке шаруа қожалық жетекшісі, жолдасы:

-Қолымыз тимей кетіп, қонақтар келгенде бізге бауыздатып алады да өзі соя береді. Жылқыны да, сиырды да өзі сояды. Етті де өзі бұзып, өзі тұздайды, біз ол жағына жоламаймыз.

Нәзік жандығына қарамастан ол атқа 10 жасынан мінген. Әкесі ата кәсіппен айналысқан шопан болған екен. Асқартауының соңынан елбеңдеп еріп жүріп, қаршадай қыз  еңбекке ерте  араласқан. Алтын Мамыраева әлемнің жарығын 10 балаға сыйлаған. Қазір 18 немеренің әжесі.Алып анадан туады” демекші перзенттері қазақтың көк туын әлемдік ареналарда желбіретіп жүрген спортшылар. Үш ұлы Арман, Ержан, Қылыш Отарбаевтар қазақ күресінен, самбо мен дзюдодан чемпиондар.

Ұрпағының осындай шыңға шыққандары арғымақта еңсесін биік ұстаған асыл сүйекті ананың ақсүтінен дарыса керек. Сондықтан Алтын апа  келешекте де еңбек етеді жалықпастан және де артық көреді ат үстін алтын тақтан.

Гүлбақша АҚАЖАНОВА

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ЖЕТПІС ЖАСТАН  АСҚАН  297 АДАМ ЕКПЕ САЛДЫРТТЫ
12:48, 16 сәуір 2021
ЖЕТПІС ЖАСТАН АСҚАН 297 АДАМ ЕКПЕ САЛДЫРТТЫ
Толығырақ...