«АРМАНЫМ, ӘСЕЛІМ»

16:39, 11 маусым 2021

Шыңғыс Айтматовтың «Арманым Әселім» атты туындысы бойынша С.Сейфуллина атындағы облыстық қазақ драма театрында спектакльдің премьерасына дайындық өтуде. Классик жазушының әйгілі хикаясын Қазақстанның халық әртісі, кинорежиссер Талғат Теменов сахналайды. Дайындық сәтін әріптесім тамашалап қайтты

Қойылымда өткен ғасырдың 60 жылдары Тянь-Шань тауының бөктеріндегі Долан асуында өткен оқиға желісі сипатталады. Бас  кейіпкерлер – Ілияс пен Әсел тағдырдың жазуымен кездеседі.

Жаны таза, ажарлы ауыл қызы мен көлік жүргізушісі бірін-бірі қимастай сүйіп қалады. Сахна төрінде шынайы махаббат сезіміне бөленген қос ғашықтың іңкәрлігі көркем суреттеледі. Басты рөлдегі Ілиястың рөлін театрдың жас актері Ахай Жұмамұратов сомдайды.

Ахай ЖҰМАМҰРАТОВ, актер:

-Бұл рөлге қатты, көп уақыт дайындалған жоқпыз. Бірақ 2 аптадан аса уақыт болды. Бірақ түнге дейін қалып, таңертеңнен түнге дейін, күні бойы театрдан шықпай, репетиция, дайындық, репетиция.

Үлкендердің батасын алмай, атастырылған жігітін ұмытқан Әсел Ілиястың етегін ұстап небір қызықты да қилы сәттерді бастан кешіреді. Алайда олардың басындағы бақыт қас-қағым сәт қана. Өзекте өкініш өрті лаулап, шаңырақтары шайқалады. Қоюшы режиссер Талғат Теменов терең лирикалық сарынымен ерекше туындыны басқа қырынан таныту үшін тырысып баққанын айтады.

Талғат ТЕМЕНОВ,  Қазақстанның халық әртісі, кинорежиссер:

-«Мәңгілік махаббат» - тарихы бар ұлы шығарма, бұл Ш.Айтматовтың алғашқы жазған повестерінің бірі. Және бұл повесть – әлемде 140-тай тілге, мемлекетке, тілге аударылған ұлы шығарма. Бұл шығарманы махаббаттың гимні деуге болады.

Белгілі режиссер Талғат Теменов алдағы жоспарларымен де бөлісті. Кинорежиссер биыл Ұлы Отан соғысындағы қазақ қыздары мен жігіттерінің ерлігін әспеттейтін кино түсірмекші. Ал «Арманым, Әселім» премьерасын қарағандылықтар  маусымның 18, 19, 20 күндері тамашалай алады.  

Райхан САЙРАНБЕК

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар