ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

АРҚАДАҒЫ АҚЫН ТОЙЫНЫҢ ЖАЛҒАСЫ

15:37, 11 қазан 2021

Қарағанды қаласында Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына 110 түп қайың талдары отырғызылды. Іс-шараға қазақтың белгілі ақындары, зиялы қауым өкілдері қатысты

Еліміздің мәдениеті мен өнері, әдебиетінің абыройын асқақтатып жүрген ақын-жазушылар мен ерікті жастар дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың ескерткіші алдына жиылды. Алыдмен, ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы бастаған зиялы қауым өкілдері сөз алып, дара  тұлғаның дариядай мол мұрасы жайлы ой қозғады. Ал, жас ақындар өлең оқып, Қасымға деген құрметтерін көрсетіп, гүл шоқтарын қойды.

Қазақ жыры мен рухының үндестігі бола білген Қасым ескерткіші аллеяға айналар сәт алыс емес. Қоғам белсенділері, белгілі жазушы, ақындар уақыт оздырмай Қасымның 110 жылдығына арнап ағаш отырғызуды бастап кетті.

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,  Қазақстан Жазушылар Одағы ҚОФ директоры:

-Біз әкімдікке Қасым аллеясын ашу жөнінде ұсыныс тастадық. Қарағандыда ақ қайың жоқтың қасы екен. Депутат Иван Владимировичке алғыс айтқымыз келеді. Ол кісі өзінің жеке қорынан 110 қайың талын берді. Бұл аумаққа сәкілер орнатылады. Адамдар отырып, алдағы уақытта тынығатын алаң болады деп ойлаймын.

Санаулы минуттарда өр рухты ақын ескерткіші алаңына 110 қайың талы бой түзеп, аумақты сәнге бөлей түсті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбайдың айтуынша, арқа жұрты тарапынан жасалып жатқан жұмыстар дауылпаз ақынға деген құрметтің жоғары екенінің көрінісі.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,      Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

-Қарағанды өңірінде бірнеше күннен бері Қасым мерейтойына арналған ауқымды шаралар өтуде. Мүшәйра өтті. 100-ден астам ақындар қатысқан. Міне, бүгін қайыңдар отырғызылуда. Қасым Аманжолов – қазаққа рух сыйлаған, ұмытылмас дара тұлғамыз.

Қайың отырғызу шарасына облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов бастаған өзге де сала жетекшілері қатысты. Қаланың еріктілері де ерекше үлестерін қосуда. Қасым мүшәйрасында жеңімпаздар қатарынан көрінген ақын Мирас Асан үшін де бұл аумақ шабыттанып, қалам тербейтін аллея болары сөзсіз.

Мирас АСАН, ақын:

-Бұл аумақта әлі талай жастар, қыз-жігіттер серуендеп, қалам тербейді деп ойлаймын. Қайыңның өзі шығармашылықтың, қалам тербеудің символы. Өте қуаныштымын. Өзім Қасым мүшәйрасында жеңімпаз болдым. Екінші орын. Барлығы үшін қуаныштымын.

Биыл Қасым үйі де есігін айқара ашып, облыстың шығармашыл ұжымына айрықша тарту етілмек. Демек, қазақ жыры мен рухына үндестік болған дауылпаз ақын әлемі рухани ортаға айналары сөзсіз.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ЗАҢСЫЗ ҚОЛМА-ҚОЛ АҚШАНЫ АЛУДЫҢ ЖОЛЫН КЕСТІ
16:40, 24 қараша 2021
ЗАҢСЫЗ ҚОЛМА-ҚОЛ АҚШАНЫ АЛУДЫҢ ЖОЛЫН КЕСТІ
Толығырақ...