АЙТЫС ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

13:29, 20 қыркүйек 2019

Қарағандыда мемлекет, қоғам қайраткері, ақиық ақын Сәкен Сейфуллиннің 125-жылдығына және Жастар жылына арналған халықаралық ақындар айтысының үздіктері анықталды. Дүбірлі доданы «Рухани жаңғыру бағдарламасы» шеңберінде Қарағанды облысы әкімдігі және «Nur Otan» партиясы ұтымды ұйымдастырған болатын. Екі күндік байрақты бәсекеде ақындар қоғамның өткір де, өзекті мәселелерін жырлады

Қарағанды жұртшылығының айтысқа шөліркеп қалғаны қалың көрерменнен байқалады.Театр ғимаратына сыймаған жұртшылық,   айтысты сілтідей тынып, тапжылмай  тұрып тамашалады. Жыр додасында төрт елдің бабындағы ақындары  бағын сынады.Алғашқы күні Қытай мен Қырғызстаннан, Моңғолиядан және еліміздің әр өңірінен келген 18 ақын сынға түсті. Кіл жүйріктен, кім жүйрікті  анықтаған аламанда  үздік деп таңдалған 7 жұп келесі кезеңге жолдама алды.

Жүрсін ЕРМАН, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын:

-Сәкеннің сымбатын, сәнін, ұлттың таңдаулы ұлы екенін, құдайдың сүйген құлы екенін жақсы жеткізіп жатыр. Әрине заман талабынан туындаған осы күнгі проблемалар ақындар назарынан тыс қалған жоқ. Әсіресе мынау әлеуметтік салаға Елбасының, Президенттің тарапынан, Үкіметтің тарапынан жасалып жатқан үлкен жұмыстарды айтуға тырысып жатыр.

Финалдық бәсі жоғары бәсекеде айтыс тіптен қыза түсті. Ақындар қоғамдағы түйткілдерді бүкпесіз айтып, халықтың көкейіндегі мәселені дөп басып жеткізуге тырысты. «Nur Otan» партиясы  қазақтың ұлттық өнер айтыстың өрістеуіне, ақындардың шығармашылық деңгейінің өсуіне баса көңіл бөлуде.  Биылдың өзінде ел көлемінде  5 үлкен  айтысты өткізуге ұйытқы болып отыр. Халықаралық айтысқа еңселі Елордадан «Nur Otan» партиясы  төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек арнайы келді.

Бауыржан БАЙБЕК, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

 -Елбасы айтқандай халықтың арасында болу керек. Халықтың мұңындағы сөзін сөйлеу керек. Партияның қолдауы неде? Саяси доктринамызда төл мәдениетіміз, өнеріміз, тіліміз, дініміз, руханиятымыздың барлығы сақталуы керек деп айтылған. Сондықтан біздің халықтың рухы берік болмаса, біздің санамыз өзгермесе біз ары қарай үлкен жетістіктерге жете алмаймыз.

Айтысқа қатысқан барлық ақын да осал емес. Олар жыр додасында екі күн бойы бар білім-парасатын, өнерін ортаға салды. Қазылар алқасы кеңесе келе жүлде санын көбейтуді жөн санапты. Ақындардың барлығы да сый-сияпатсыз қалмады. Бірінші орынға Өміржан Көпбосынов және Бауыржан Шермединұлы ие болды. Ал екінші орынға Дидар Кәмиев, Мұхтар Ниязов және Төлеген Жаманов қол жеткізді.Үшінші орынды бес ақын өзара бөлісті. Арқаның арынды ақыны Айтбай Жұмағұлов «Шабыттандыру»  сыйлығын алды.Топ арасынан суырылып шығып тең түскен қарағандылық Мақсат Аханов пен алматылық Жандарбек Бұлғақов бас жүлдені жеңіп алды. Осылайша айтыста қос ақынның айы оңынан туды. Әр қайсысына 2 миллион теңгеден қаржылай сыйлық  табысталды.

Мұхтар НИЯЗОВ, айтыскер ақын, екінші орын иегері:

-Мына сырттан келген 20 ақынның барлығы таңқалып жатыр.Екі күнгі Қарағандының айтысты сағынып қалғанының, екі күнгі айтысқа деген ниет-ынтасының зор екеніне. Сал мен серінің отаны екенімізді тағы бір дәлелдедік деп ойлаймын өзім.

Ұлы ақынның мерейтойы қарсаңында ұйымдастырушылар мен жыр жүйріктері Сәкен Сейфуллин атындағы қоғамдық  қордың  естелік медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар айтыстың барлық қатысушыларына Жаңаарқа ауданының брендтіне айналған  шапандар сыйға тартылды. Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтына қорған болған, Ұлы тұлғаның  құрметіне арналған мәдени шаралар мұнымен тоқтамайды. Ол жыл соңына дейін жалғаспақ.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

РУХАНИ КЕЛІСІМ-ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ІРГЕТАСЫ
16:33, 18 қазан 2019
РУХАНИ КЕЛІСІМ-ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ІРГЕТАСЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар