ШҰҒЫЛ! АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Толығырақ

Сүйінші!

16:43, 18 тамыз 2016

Рио төрінде өтіп жатқан олимпиада ойындарында қарағандылық Эльмира Сыздықова еркін күрестен ел қоржынына алтыншы қола медальды салды. Төрткүл дүние көз тіккен додада жерлесіміз шың шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді .Ал талантты былғары қолғап шебері, бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Данияр Елеусінов алтынмен апталып, олимпиада чемпионы атанды.Бүгін саңлақтарымыз спорттың бес түрінен бақ сынайды

Қазақтың балуан қызы Эльмира Сыздықова қола медаль үшін күресте мысырлық Энас Мостафаны 7:4 есебімен ұтып, Қазақстан қоржынына алтыншы қола медаль салды. Арқаның аймаңдай аруы осыған дейін жұбаныш белдесуінің бірінші кезеңіне моңғолиялық Очирбатын Насанбурмааның  жауырынын жер исікеткен болатын. Өкінішке орай, байрақты бәсекеде Жұлдыз Ешімованың бағы жанбады, бабы шаппады. 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен балуанымыз қытайлық  Сунь Яньяннан жеңіліп қалды.  Ал Данияр Елеусінов ақтық финалда ерекше ынта-жігерімен жұдырықтасып шаршы алаңда шиыршық атты. Өзбектандық  Шахрам Гиясовқа ешқандай мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде оғланымыз Рио Олимпиадасының чемпионы атанып, тарих тақтасына аты алтын әріппен жазылды. Тағы бір жағымды жаңалық - бокстан 75 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған боксшы аруымыз қарсыласын қапыда қалдырып, жартылай финалға өтті. Қазақстандық боксшы Дариға Шәкімова ширек финалда мароккалық Хадиджа Мардимен кездесті. Аса тартысты өткен жекпе-жектің қорытындысында төрешілердің шешімімен қазақ аруы жүзден жүйрік шықты. Жерлесіміз жартылай финалда Лондон Олимпиадасының чемпионы Кларесса Шилдспен рингте шайқасқа түседі. Олимпиаданың он екінші күнгі қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасында он екі медаль бар. Әзірге ел қоржыны  үш алтын, алты қола және үш күміспен толықты. Бүгінгі олимпиада ойындарында  саңлақтарымыз бес спорттың түрінен сынға түседі. Отандастарымыз  байдарка және ескек есу мен каноэден бары мен нарын ортаға салады. Айталық біздің  Екатерина Ларинова 1/8 финалда беларусиялық Мария Мамашукпен белдеседі. Сонымен қатар Гюзель Манюрова венгриялық Жанетт Немеетпен боз кілемге шығады. Астана уақытымен түнгі сағат  он екі  жарымда 81 келіде белгілі боксшымыз Әділбек Ниязымбетов  кубалық Хулио Сезера Ла Крусамен қолғап түйістіреді.  

 

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тақырып бойынша материалдар

Рио олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықованың ата-анасына облыс әкімі пәтер мен автокөлік кілтін тапсырды
20:35, 26 тамыз 2016
Рио олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықованың ата-а...
Толығырақ...
Қоламен қапталып, күміспен күптелген күн
17:00, 19 тамыз 2016
Қоламен қапталып, күміспен күптелген күн
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар