Майдангер Псков облысындағы «бауырластар» зиратында жерленген екен
Бұл әке аманаты орындалып, ата басына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу сәті. Асау Дөкешов генерал Панфилов атындағы 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында майданда болған. Деректерге сүйенсек, 1944 жылы Ресейдің Псков облысында дәл осы жердегі ұрыстың бірінде ерлікпен қаза тауыпты. Немересі Алмас Асауов атасының жерленген жері туралы нақты дерек барын естігінде бірден алып ұшып Ресейге жеткен. Псков облысындағы Слободка деревнясындағы батыр баба рухына тағызым ету шарасына Кеңес одағының батыры, Әлия Молдағұлованың туған сіңілісі Әлипа Молдағұлова және Псков облыстық әкімдігінің өкілдері және осындағы мектеп оқушылары түгел жиналған. Псков облысы Слободка деревнясындағы «Бауырластар зиратында» жерленген 300 жауынгер қатарында Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Александр Матросов та бар екен. Бұдан бөлек тағы 35 қазақстандықтың мүрдесі табылса, соның 5-еуі қарағандылық. Алмас Асауов 5 күн бойы осындағы зерттеу жұмыстарына ат салысыпты. Нәтижесінде осы аумақта майдангерлердің киім кишектері, қолданған ыдыс аяқтарынан бөлек, белгісіз бір жауынгердің сүйегін тапқан. Бір айдың өзінде бұл жерде 200 солдаттың мәйіті қазып алынатын көрінеді. Дөкешов әулетіндегі Асау, Ақаш, Әбдірей есімді ағайындылардың үшеуі де екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, үшеуі де хабар -ошарсыз кеткен. Алайда араға жылдар салып, жауынгерлер Асау, Ақаштың жерленген жері белгілі болыпты. Тек Әбдірей ата жайлы ешқандай ақпарат әлі күнге жоқ. Дегенмен ұрпақтары боздақ кеткен ердің есімі күндердің күнінде шығатынынан үміттенеді.
Гүлбақша АҚАЖАНОВА