Мәңгілік алау маңына жиналғандардың жүзінен қуанышты да, қобалжуды да байқауға болады. Себебі мұндағы әрбір адамның жақыны мен туысы, ата-бабасы зұлмат жылдарды бастан өткерді, ал ұрыс даласында қаза тауып, туған жерінің топырағы бұйырмаған азаматтар қаншама. Дегенмен, сол жаужүрек ата-бабаларымыздың арқасында бүгінде ұрпақтары бейбіт елде өмір сүріп жатыр. Бүгін - жеңістің 70-інші көктемі. Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Салтанатты күні ардагерлермен бірге облыс әкімі бастаған бір топ қаһармандардың ерлік рухына бас иіп, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Өшпес ерліктің қасиетті нышаны – Мәңгілік алау монументіне жиналған 8 мыңнан астам адам сұм соғыста қаза тапқан миллиондаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алысты. Міне, екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік көрсеткен жасымас жігер мен ұлы рухтың иегерлері. Отан үшін от пен оқтың, өлім мен өмірдің ортасында арпалысып жүріп, жеңісті жақындатқан қазақстандық жауынгерлер. Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығына арналған мерекелік шеруде Қарағанды гарнизонының әскерилері сап түзеді. Жүздеген сарбаз ардагерлерге құрмет көрсетті.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ