Соғыс және тыл ардагерлерін мадақтауға арналған мерекелік іс-шаралар жыл басынан басталып кеткен. Жәмші ауылының тұрғындары ұлттың мақтан тұтар ұлы тұлғасы, Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіровке ескерткіш орнатты
Аудан әкімі Ниқанбай Омарханов құттықтау сөзін арнап, қанқұйлы соғыста қайтпас қайсарлық танытып, бақытты өмір сыйлаған ардагерлерге бейбіт заман ұрпақтары атынан алғыс айтты. Ауыл төрінде бой көтерген батыр ескерткішінің ұзындығы 2-90 см, ені 90 см. Ауыл мектебінде Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған мұражай да ашылған. Соңынан батыр әруағына дұға бағышталып, ас берілді. Осындай батырын ұлықтаған ақтоғайлықтарға Нүркен Әбдіровтың ағайын-туыстары ақжарма алғыстарын жаудырды. Екінші дүниежүзілік соғысқа Ақтоғай ауданынан 2449 азамат аттанған екен. Оны тең жартысы Отан қорғау жолында құрбан болды. Бүгінде тек бір ғана ардагер және тұтқында болған 1 узник қалған. Қан майдан жылдары тылда тер төккендер жас ұрпақтың құрметіне дән риза. Және ерлігіміз бен еңбегіміз ақталды дейді қазыналы қарттар. Ақтоғай ауданында әр сала өзінің ардагерлерін ардақтап жатыр. Денсаулық саласының мамандары да салтанатты түрде тылда еңбек еткен өздерінің әріптестеріне құрмет көрсетті. Бұл күні «Ардагерлер» ансамблі де соғыс жылдарындағы әндерді шырқап, театрландырылған көрініс қойды. Бұдан бөлек Ақтоғай ауданында «Өшпес полк» атты шеру ұйымдастырылды. Ұлттық ат спортынан жарыстар, түрлі аудандық, облыстық турнир өтті. Елімізге танымал әншілердің қатысуымен өткен концерт те мерекенің көркін қыздырды. Мектеп оқушылары арасында өткізілген әскери патриоттық тәрбие айлығы да өз мәресіне жетті. Осылайша Ақтоғай ауданының тұрғындары Жеңіс күнін жоғары деңгейде атап өтті.
Асылбек ТОЙБЕК