Жеңістің 70 жылдығына орай еліміздің бас қаржы мекемесі ардагерлерге күміс монеталар мен медальдар табыс етті
79 жасар Қанапия Әбілов соғыс басталғанда небары 5 жаста болған. Асық ойнап, әр күнді алаңсыз өткізер балалықтың бал шағында анасына қолқанат болған. Таңның атысы, күннің батысы майдандағы жауынгерлерге құрт жасап, май араластырумен күнін өтікзгенін айтады ардагер. Соғыс біткен соң да еңбектен еш қашқан емеспін дейді Қанапия ата. 45 жыл бойы қаржы саласында тер төккен ардагер Ұлттық банк басшылығына қарияларды ұмытпағаны үшін ризашылығын білдірді.
ҚР Ұлттық Банкі Қарағанды филиалының тізімінде бүгінде 71 зейнеткер бар. Олардың 10-ы тыл ардагерлері. Ал мына үш қария банк қызметкерлерінің аса құрметіне ие. Себебі бұл ардагерлер майданның алдыңғы шебінде ерлік көрсетіп, елімізді қорғап қана қоймай, соғыс аяқталған соң қаржы мекемесінде ондаған жылдар бойы ерен еңбектерімен ерекшеленген.
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ұлттық банк қызметкерлері ұйымдастырған мерекелік шара барысында ардагерлер қаржы мекемесінің мұражайында болды. Одан кейін концерттік бағдарламаны тамашалады. Сонымен қатар ҚР Ұлттық Банкі Қарағанды филиалының атынан әр ардагерге естелік күміс монеталар мен медальдар және қаржылай сыйлық табыс етілді. Шара соңында соғыс және тыл ардагерлері дастархан басына шақырылып, әр қонаққа азық-түлік дорбасы табысталды.
Айзада АҒЫЛБАЕВА