Жеңістің жетпіс жылдық торқалы тойына тың жеткен майдангерге қазір құттықтаулар келіп түсіп жатыр. Жауынгер «Германиядағы жеңісі үшін», «Жуков» медальдарымен, «Сталин» орденімен және мерекелік медальдармен марапатталған
Павел Семилетов алғашқы болып аудан әкімі Рысқали Әбдікеровтің құттықтауын қабыл алды. Ықылас гүлі, тоңазытқыш тарту таралғысы және қаржылай сыйлық, бастысы жүрек жарды ақ тілек. Мұның бәрі отан үшін от кешкен кешегі жауынгер бүгінгі үлгі тұтар қария құрметіне бағытталды.
Павел Семилетовтің ұлты армян. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде ол небәрі 17 жастағы бозбала болатын. Жалынды жігіт қанды қырғыннан қалыс қалмай майданға аттанады. Бірден Беларусь түбіндегі шайқасқа кіріп, одан әрі әскери борышын Польша, Минсктегі ұрыстарда жалғастырады. Алайда Естоняда оң қолынан жараланып, жеңіс күнін госпитальда қарсы алыпты.
Соғыс аяқталысымен сарбаз өз отаны Арменияға оралады. 1952 жылы қызмет бабымен Қазақстанға қоныс аударып, Шет ауданы Ағадыр кентін мекендеді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Төменгі Қайрақтыда геолог болып еңбек етті. Ардагерге былтыр кезектен тыс Ағадыр кентінен 2 бөлмелі пәтер беріліпті.
Гүлбақша АҚАЖАНОВА