
Ардагердің еңбек кітапшасында бір ғана жазу бар
Владимир Шмырев табан аудармай, 40 жыл бойына Қарағанды машина құрастыру зауытында еңбек етіпті. Қазір бұл кәсіпорын «Қазақмыс корпорациясының» иелігінде. Жұмысқа электрші болып қабылданған. Одан кейін механикалық, гальваникалық цехтарда тер төккен. Қаһарлы соғыс басталғанда Владимир Шмырев он жаста ғана болған. Бала болса да ересектермен бірге Жеңісті жақындатуға үлес қосқан. Жеңіс күнгі халықтың қуанышы әлі көз алдында.
Зейнеткерлікке шыққанына 20 жылдан асыпты. Алайда оның ерен еңбегін, адамгершілік қасиеттерін зауыт еңбеккерлері ұмытқан емес. Владимир Михайлович аяулы жар, отбасының асқаралы әкесі дейді жұбайы Валентина Шмырева.
Владимир Шмыревтің жадынан соғыс жылдары ешқашан өшкен емес. Әкесі де сұм соғысқа аттанып, от пен оқтың ортасынан оралмаған. Тек жетпісінші жылдары ғана әкесінің жерленген жерін тапқан. Және майдандастары жарақаттанғандарды қорғау барысында қаза тапқанын айтқан. Жаудың оғы жүрекке келіп қадалған.
Владимир Шмыревтың сүйікті ісі бөлме гүлдерін өсіру. Бірақ зауытта өткен жылдарын ең бақытты жылдарым дейді ардагер.
Асылбек ТОЙБЕК