
Содан кейін ол өз күшімен Калуга облысының Юхнов ауданындағы жауынгер зиратындағы жерленген ағасының басына туған өлкенің топырағын апарып қайтқан
Өткен наурыз айында Ресейден Сағатовтар әулетіне және бір хабар келді. Онда соғысты бірінші болып қарсы алғандардың бірі, майдангер офицер Әйтен Сағатовтың әскери марапаттары табылғаны айтылып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өткізілетін салтанатты шараға қатысуға шақырыпты. Алайда, бұл жолы да зейнеткер Гүлсім апа ағасының басына барып, зиярат ете алмады.
«Құрмет белгісі» орденінің иегері әйгілі механизатор, кезінде комбайынның құлағында ойнаған Гүлсім Сағатованы сан жылдар бойы бір ой мазалаған еді. Ол – Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған ағасының мүрдесін табу болатын. 1999- шы жылдың қоңыр күзінде мәскеулік телеарнаның қазақстандық тілшісі Ерлан Жаңабеков қызылізшілердің Калуга облысының Юхнов ауданынан жауынгер мәйіттерінің табылғаны туралы хабар көрсеткен. оның ішінде бір азаматтың кеуде тұсында жатқан портсигардан шыққан партбилет иесінің ұлты қазақ, есімі ӘйтенСағатов, шені лейтенант, Қарағанды облысы, Қу ауданының орталығы Егіндібұлақ селосының тумасы екені анықталған. Жаңалық жаһанға жария болысымен іле республикалық телеарналар мен басылымдар жарыса жазып, Әйтен Сағатовтың туғандарымен жүздесуге асығады.
Тілші: Араға аттай 58 жыл салып табылған ағасының сүйегін алып қайтуға немесе қайта жерлеуге қатысуға Гүлсімге қаражат тапшылығы қолбайлау болды. Тек он жыл өткеннен кейін ғана тәуекел етіп, басындағы баспанасын сатып, бауырластар зиратында жерленген ағасының басына барып келу сәті түседі.
Егіндібұлақтан оқу іздеп Воронежге барған Әйтен Сағатов әскери әуе училищесін байланыс мамандығы бойынша тамамдап , енді елге оралам деп жүргенде, соғыс басталып кетеді. Қан майданда байланыс взводының командирі болған. Елде қалған туыстарына 1942 жылы оның атынан соңғы хат келіп, одан кейін жалындаған жас жігіт бейхабар кеткен.
Гүлсім Сағатованың ендігі үлкен арманы - ағасының есімін Қарқаралы мен Егіндібұлақтағы соғыста мерт болған майдангерлерге қойылған мемориалдық ескерткішке жазғыздыру. Отан үшін құрбан болған Әйтен Сағатов от ортасына туған топырақтан аттанбаса да, сол топырақта кіндік қаны тамған ардагер.
Асылбек ТОЙБЕК